фото: https://pixabay.com/ru/
Кәсіпорындағы оқыс оқиғадан кейін екі баланың анасы физикалық және психикалық қиындыққа тап болған
Қызылорда облысында "Аралтұз" АҚ тұз өңдеу цехының жұмысшысы кәсіпорыннан 5 миллион теңге өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жақсықылыш ауылының тұрғыны 2013 жылдан бері "Аралтұз" АҚ-ның тұз өңдеу цехында ораушы болып жұмыс істеп келген. 2021 жылы цех операторы қызметіне ауыстырылған.
"2025 жылдың қаңтарында дүкен қоймасында түнгі ауысым кезінде операторды тұз тасымалдайтын жүк көтергіш қағып кеткен. Ауыр жарақат салдарынан оған бірнеше ота жасалып, көру және қозғалу мүмкіндігінен айырылған", - деп жазылған хабарламада.
Қазір оған үнемі сырттан көмек пен ем, оның ішінде беті мен көзіне шұғыл ота қажет.
Еңбекке қабілетсіз болғанын, физикалық және психикалық қиындыққа тап болғанын, екі кішкентай қызы бар екенін көрсете отырып, әйел соттан моральдық шығын өндіруді сұраған.
Өндірістік қызметпен байланысты жазатайым оқиға бойынша арнайы тергеу актісіне сәйкес жұмыс беруші 100% кінәлі екені анықталған.
"Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 156-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
"Аралтұз" АҚ өкілінің айтуынша, жайсыз оқиға абайсыздықтан болған, "Аралтұз" жәбірленушіге 850 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіп, алдағы оталарға жұмсалатын барлық шығынды өз мойнына алған.
Сотта талап қоюшының психикалық және физикалық азап шеккені, денсаулығына ауыр зиян келтірілгені, қайталап ота жасауды қажет ететіні дәлелденді.
Арал аудандық соты жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, "Аралтұздан" зардап шеккен әйелге моральдық шығын үшін 5 миллион теңге өтемақы өндіруге шешім қабыладды. Шешім заңды күшіне енді.
ҚазАқпарат
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через