фото: https://www.marca.com/en/lifestyle/music/
Қазақстандық орындаушылар Грэммиге ұсынылған әлемдік жобаға енді
Әлемдік музыка кеңістігінде айтулы оқиға орын алды – беделді Billboard басылымы International Artist Project жобасын «Грэмми» сыйлығының Best Global Music Album номинациясына ұсынылған үміткерлер қатарына енгізді. Бұл жоба – музыкалық әртүрлілік пен мәдени диалогты насихаттайтын ауқымды бастама.
The World Album – музыкалық шекараларды жоятын жинақ
International Artist Project ұсынған The World Album – 2026 жылғы «Грэмми» сыйлығының басты үміткерлерінің бірі. Жоба әлемнің түкпір-түкпірінен шыққан орындаушыларды біріктіріп, тарихтағы теңдессіз музыкалық жинаққа айналды. Альбом құрамында 200 ән, 93 тіл және 121 музыкалық жанр қамтылған. Бірегей туындының жалпы ұзақтығы – 12,5 сағат. Бұл көрсеткіш жобаны музыкалық әртүрлілік пен жаһандық үнқатысу тұрғысынан ерекше етеді.
Жобаның идея авторы және продюсері Брэндон Беквиттің айтуынша, The World Album – бұл жай ғана музыкалық компиляция емес, бүкіл адамзаттың бірлігін паш ететін «әлем альбомы».
«Бұл – бейбітшілік альбомы, бұл – бірлік дауысы. Әр композиция – ортақ адамгершілігіміздің көрінісі. Бұл альбом – өнердің шекара атаулыдан биік тұратынын дәлелдейді», – деп атап өтті Беквит.
Қазақстандық өнер – жаһандық сахнада
Бұл жаһандық музыкалық жобаға Қазақстан атынан белгілі орындаушылар Дана Орманбаева мен Мәди Сыздықов қатысып отыр. Олар ұлы Абай Құнанбаевтың «Бойы бұлғаң» әнін орындап, қазақ өнерінің бай рухын әлемге танытуға үлес қосты. Композиция әр елдің ұлттық мәдениетін бейнелейтін шығармалар қатарынан орын алды.
Альбом авторларының айтуынша, The World Album – барлық құрлықтан әртістерді қамтып қана қоймай, әлемнің барлық елдерінде релиздің алғашқы аптасында тыңдалған алғашқы музыкалық жинақ ретінде тарихқа енді. Тыңдармандар қатарына Гуам мен Кюрасао аралдарынан бастап, Француз Полинезиясына дейінгі шалғай аумақтар қосылған.
Тарихи рекорд және болашақ жоспарлар
The World Album тыңдалым аумағы бойынша тарихи рекорд орнатты. Ол – музыканың шекарасыз, кедергісіз адамдарды біріктіре алатынының нақты дәлелі. Жоба авторлары қазіргі таңда үш түрлі номинация бойынша Гиннестің рекордтар кітабына өтінім беруге дайындалып жатыр. Сонымен қатар, International Artists Festivalін ұйымдастыру және альбомды әлем елдерінің білім беру бағдарламаларына енгізу жоспарда бар.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через