Аргентинада Димаш құрметіне музыкалық кабинет ашылды

Аргентинада Димаш құрметіне музыкалық кабинет ашылды

фото: kaz.orda.kz

       Аргентинада қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің құрметіне мектептердің бірінде музыкалық кабинет ашылды. Бұл игі бастама жергілікті жанкүйерлердің қолдауымен жүзеге асып, білім беру ұйымдарын музыкалық аспаптармен қамтамасыз етуге бағытталған қайырымдылық жобаның бір бөлігіне айналды.

       Жобаның басты мақсаты — балалардың музыкаға қызығушылығын арттырып, олардың шығармашылық қабілетін дамыту және әртүрлі мәдениеттермен танысуына жол ашу. Алғашқы нысандардың бірі ретінде Мар-дель-Плата қаласындағы генерал Хосе де Сан-Мартин атындағы №5 бастауыш мектеп таңдалды. Музыкалық құралдарды жеткізу үшін жанкүйерлер 400 шақырымнан астам жол жүріп келген.

       Іс-шара барысында оқушылар мен ұстаздарға арналған мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, қонақтар Димаштың шығармашылық жолы туралы айтып берді. Сонымен қатар, қатысушылар Қазақстанның мәдениеті, дәстүрі және ұлттық киімдерімен танысты. Мектепте арнайы тақырыптық көрме де қойылды.

       Ең маңызды сәттердің бірі — жаңа ашылған музыкалық кабинетке Димаш Құдайбергеннің есімін беру туралы шешім болды. Аргентинадағы білім беру мекемелерінде мұндай құрмет әдетте өмірден өткен тұлғаларға көрсетілетінін ескерсек, бұл — өнер иесінің халықаралық деңгейдегі беделі мен мәдениетке қосқан үлесін айқындайтын ерекше оқиға.

       Ұйымдастырушылар бұл бастаманың алдағы уақытта басқа да мектептерде жалғасатынын атап өтті. Олардың пікірінше, музыка — халықтарды жақындастырып, жас ұрпаққа шабыт сыйлайтын әмбебап тіл.

       Жоба Аргентинадағы Димаш жанкүйерлері мен «La Era Dimash» қауымдастығының қолдауымен жүзеге асырылды. Кездесу соңында мектеп ұжымы қонақтарға алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етті.

        https://kaz.inform.kz/

Подписаться