фото: depositphotos.com
АҚШ-та өткен аптада тұрақты тұруға құқық беретін иммиграциялық визаларды беру тәртібі жаңартылды.
Нені өзгертті?
NDTV мәліметінше, енді егер виза алушыда семіздік, диабет секілді созылмалы аурулар болса, бұл визадан бас тартуға себеп болуы мүмкін.
Бұл жөнінде АҚШ Мемлекеттік департаменті арнайы нұсқаулық шығарған. Құжатта созылмалы ауруы бар адамдар мемлекетке қаржылық ауыртпалық әкелуі мүмкін екені айтылған.
KFF Health News мәліметінше, нұсқаулық АҚШ-тың барлық елшілігі мен консулдықтарына таратылған.
"Өтініш берушінің денсаулық жағдайы ескерілуі тиіс. Кейбір аурулар: жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйесі, онкологиялық аурулар, диабет, метаболизм бұзылыстары, неврологиялық және психикалық аурулар жүз мыңдаған доллар тұратын емді қажет етуі мүмкін", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар визалық офицерлер үміткердің өз емін төлеуге шамасы жете ме, жоқ па, соны да бағалауы керек.
Өтініш берушінің отбасы мүшелерінің денсаулығы да есепке алынады. Егер балалары немесе қарт ата-анасы күтімді қажет етсе, бұл да шешімге әсер етуі мүмкін, себебі мұндай күтім адамның жұмыс істеу мүмкіндігін шектейді.
Бұрын тек жұқпалы аурулар, екпелер және психикалық жағдай ғана тексерілетін. Енді тексерілетін тізімге жүрек, өкпе, онкология, диабет, метаболизм, неврология және психикалық бұзылыстар қосылған.
Бұл ереже гуманитарлық визаларға - мысалы, босқындар үшін - қолданылмайды.
Неге өзгерістер енгізілді?
Жаңарту public charge қағидатына байланысты жасалған. Бұл норма мемлекетке ықтимал қаржылық салмақ түсіруі мүмкін үміткерлерге виза бермеуге мүмкіндік береді. Енді созылмалы аурулар да болашақ шығын көзі ретінде қарастырылып отыр.
https://kaz.tengrinews.kz/tengritravel/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через