Өнерге құрмет: актриса Меруерт Өтекешоваға өмір бойы қаржылай қолдау көрсетпек

Өнерге құрмет: актриса Меруерт Өтекешоваға  өмір бойы қаржылай қолдау көрсетпек

фото: nur.kz

       Белгілі продюсер Баян Алагөзова қазақ киносы мен мәдениетінде өзіндік орны бар актриса Меруерт Өтекешоваға ай сайын тұрақты қаржылай қолдау көрсететінін мәлімдеді. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

       Продюсер арнайы түсірілген бейнежазбада аты аңызға айналған Қыз Жібек фильміндегі образға құрмет ретінде сол туындыға қатысты киімді киіп шығып, актрисаға ризашылығын білдірген. Ол Өтекешованың өнердегі еңбегін жоғары бағалап, қазақ мәдениетіне қосқан үлесі үшін алғыс ретінде сый-сияпат жасап қана қоймай, өмір бойы ай сайын 1 миллион теңге беріп тұратынын жеткізді.

       Сондай-ақ продюсер бұл қадамын көпшілік алдында жария етуінің себебін де түсіндірді. Оның айтуынша, сахна мен экранда ұзақ жылдар еңбек еткен бірқатар өнер иелері уақыт өте келе назардан тыс қалып жатады. Осы арқылы ол қоғамдағы жомарт жандарды, меценаттарды ұлттық мәдениетке еңбек сіңірген тұлғаларды қолдауға шақырды.

       Баян Алагөзова актрисаны қазақ қыздарының символына теңеп, оның өнердегі бейнесі халық жадында мәңгі сақталатынын атап өтті. Сонымен қатар ол Өтекешованы алдағы жылы өтетін «Қазақ аруы» байқауына құрметті қонақ ретінде шақыру ниетін білдірді.

       Айта кетейік, бұған дейін продюсер әлеуметтік желіде «Қыз Жібек» фильміне қатысты камзолды иеленгенін жариялап, бұл жайт қоғамда қызу талқыға түскен еді. Кейін актрисаның өзі аталған киімнің түпнұсқа екенін растаған болатын.

       

Жазылу