Қыздарды құтқарған екі жігіт суға кетіп мерт болды

Қыздарды құтқарған екі жігіт суға кетіп мерт болды
фото: pixabay.com

Ақтауда суға батып бара жатқандарды құтқарған ер адамның өзі суға кетіп ажал құшты. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы  ktk.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Марқұмның артында әйелі мен бес баласы қалды. Кенжесі небәрі үш айлық екен. Қайғылы оқиға демалыс базасының маңында болған. 39 жастағы марқұм Ерлан Шантабаев сол күні теңіз жағалауында достарымен бірге  демалып жүрген. Марқұмның туыстарының айтуынша, сол маңда екі қыз бен екі жігіт суға шомылып жүріпті. Бір мезетте қыздар суға бата бастаған. Ал жанындағы жігіт оларды құтқару үшін жалма-жан суға секіріп, жағадағы досын шақырған. 

Сол сәтте Ерлан Шантабаев та көмекке ұмтылып,  қыздарды құтқарып қалған. Алайда жігітті құтқаруға ұмтыла бергенде, теңіздің ағысы мен толқынына қарсы жүзе алмай, екеуі де суға кетіпті.  Құтқарушылардың мәліметінше, екі қыз жағаға аман шыққан. Ал Ерлан Шантабевтың денесі жағадан он метр қашықтан табылды. Екінші қаза тапқан жігіттің денесі бірнеше сағаттан кейін бір жарымдай тереңдіктен табылды.  

Дінмұхаммед Пірімжан, Маңғыстау облысы ТЖД төтенше жағдайды жою басқармасының басшысы: — Іздестіру, құтқару нәтижесінде Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінен  17 , 1 жеке құрам, 9 техника, 6 жүзу құралы, бір ұшқышсыз ұшу аппараты, апаттар медицинасы орталығынан үш  қызметкер, бір техника жұмылдырылды.