фото: https://www.istockphoto.com/ru/portfolio/edwardolive
Францияда танымал актер, Бен Аффлек пен Хоакин Феникстің дауысын дыбыстаған Борис Релингер дубляж саласын жасанды интеллектен қорғауға шақырып отыр, деп хабарлайды Reuters агенттігі.
Оның айтуынша, бұл салада жүздеген кәсіби маман еңбек етіп жатқанымен, ЖИ технологиялары олардың жұмысына нақты қауіп төндіруде.
«Мен өз дауысымды ЖИ әлі алмастырмағанына қарамастан, қауіп барын сеземін», – деді актер Reuters-ке берген сұхбатында.
Ол адамдар жасаған дубляжды қорғауға бағытталған француз бастамасы – TouchePasMaVF қозғалысына қатысып жүр.
Актердің айтуынша, дубляж – тек бір дауыстың жұмысы емес, бұл салада актерлер, аудармашылар, режиссерлер, диалог бейімдеушілері мен дыбыс инженерлері еңбек етеді. Олардың бәрі көрерменге экрандағы актер өз тілінде сөйлеп тұрғандай әсер қалдыру үшін жұмыс істейді.
Netflix секілді стримингтік платформалар «Кальмар ойыны» мен «Люпен» сияқты хит туындыларды насихаттау үшін дубляжды кеңінен қолдануда. Бұл – саланың дамуына үлкен серпін берген.
GWI зерттеу компаниясының дерегінше, Германия, Франция, Италия және Ұлыбританиядағы көрермендердің 43 пайызы дубляжды субтитрлерге қарағанда артық көреді.
Business Research Insights мәліметі бойынша, 2025 жылы дубляж нарығының көлемі 4,3 миллиард долларға жетеді, ал 2033 жылға қарай 7,6 миллиард долларға дейін ұлғаюы мүмкін.
Бұл өсім жаңа технологиялық шешімдерге деген қызығушылықты арттыра түсті. Дегенмен, жасанды интеллект көмегімен жасалған дауыстар барған сайын шынайы әрі қолжетімді бола бастаған кезде, Еуропадағы дубляж актерлерінің қауымдастықтары Еуроодақтан саланы қорғауға бағытталған қатаң реттеулер енгізуді талап етіп отыр. Олар дубляж сапасы мен авторлық құқықты қорғаумен қатар, актерлердің дауыстық архивтерінің рұқсатсыз пайдаланылуына да алаңдаушылық білдіруде.
Киноиндустрияда технологияларға қатысты алаңдаушылық бұрыннан бар. Голливудта жасанды интеллект 2023 жылы негізгі тақырыптардың біріне айналып, осыған байланысты болған ереуілдерден кейін технологияны қолдануға шектеу енгізілген болатын.
https://kaz.inform.kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через