Жігіттерді әскерге шақыру жүйесі цифрлық форматқа көшеді

Жігіттерді әскерге шақыру жүйесі цифрлық форматқа көшеді

фото: pexels.com

Қазақстанда азаматтарды әскери қызметке шақыру жүйесін жетілдіру мақсатында Бірыңғай шақырту тізілімін енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" поталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың пайымдауынша, жаңа жүйе тиімділігін көрсетуі тиіс. 

– Бірыңғай шақырту тізілімін енгізу хабарлау жүйесін жаңа деңгейге көтереді. Бұл азаматтарды уақтылы әрі толық ақпараттандыруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық тетік болады, – деді Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов.

Министрлік мәліметінше, жаңа жүйе әскерге шақыру науқанының ашықтығын арттыруға және азаматтардың әскери міндетін орындауын тиімді бақылауға бағытталған. Сонымен қатар әскерге шақырудан жалтарып жүрген азаматтарға қатысты уақытша шектеу шараларын енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Кеңес барысында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау, деректер алмасуды жеделдету және цифрлық трансформацияны күшейту мәселелері де көтерілді.

– Мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы мен цифрлық шешімдерді енгізу жүйенің тиімділігін арттырудың негізгі шарты. Біз оның ашықтығын, сенімділігін қамтамасыз етуіміз қажет, – деп атап өтті министр.

Қорғаныс министрлігі алдында мерзімді әскери қызметтің тартымдылығын арттыру, әскери қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін күшейту және қаржылай қамтамасыз ету мәселесін шешу міндеті тұр. 

Айта кетейік, Бірыңғай шақырту тізілімін енгізу елдің жұмылдыру әлеуетін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Подписаться