фото: Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Актерлік өнер шабыт күшін, қиял қуатын, ыстық сезімді талап ететін ерекше қабілет.Актерлік шеберлік-бұл табиғи талантты ғана емес, сонымен қатар терең білімді, дағдыларды және үнемі өзін-өзі жетілдіруді қажет ететін көп қырлы процесс. Табысты актер мәтінмен жұмыс істеуді, кейіпкердің психологиясын түсінуді, сондай-ақ сахнадағы серіктестермен қарым-қатынас жасауды қоса алғанда, көптеген дағдыларға ие болуы керек.
Қазақ театр өнерін дамыту барысында біз іздемпаз, байқампаз және бар жанымен театрға ғашық жандарға мұқтажбыз. Сондай жандардың бірі Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының орта буын актері- Әсет Иманғалиев деп білеміз. Актер көрермендерді өзінің талантымен қуантып қана қоймай, оларды театр өнеріне деген адалдық үлгісімен шабыттандыра алуда.
Театр сахнасында Т.Ахтановтың “Күшік күйеуінде” – Тюрянчикті, С.Ахмадтың “Келіндер көтерілісінде”- Кемелді, Н.Ораздың “Адасқан жұлдызында”- Ержанды, Ш.Айтматовтың “Қызыл орамалды шынарымында” – Жантайды, “Ақ кемеде” Оразқұлды, Ж.Солтиеваның “Сағым қуғандарында”- Ермекті, Г.Хугаевтің “Қара шекпенінде” – Көкжалды, Т.Ахтановтың “АНТ” – Әбілқайырды , Д.Исабековтің “Құстар фестивалінде” -Бүркітті, Григорий Гориннің “Ұмытыңдар оныда” Крисиппті, Ақберен Елгезектің “Болмаған балалық шағында” Қалаңды, М.АУезовтің “Қарагөзінде” Жабайды, Әлімбек Оразбековтің “Бір түп алма ағашында” Ерғалиді, Гарсиа Лорканың “Оян, қалыңдығында” әкені, Ілияс Жансүгіровтің “Құлагеріндегі ” Ақан сері сынды рольдерімен көрермен көзайымына айналған спектакльдерде бой көрсетіп келеді.

Қазіргі таңда актер көптеген фестивальдардың бас жүлдесін қанжығасына байлаған “Құлагер” және “Оян қалыңдық” қойылымдарында бірегей образдарды сомдап жүр. Актер классикалықтан қазіргі заманға дейін әртүрлі рольдерді орындау үстінде. Оның әртүрлі стильдері мен жанрларға бейімделу қабілеті оны жан-жақты актер етеді. Ол әр түрлі ролдерде өзінің шеберлігін көрсете отырып, драмалық және комедиялық кейіпкерлерді әсерлі етіп ойнайды.
Әсет Иманғалиев әр түрлі рольдерге оңай енуге көмектесетін мәнерлі келбетке ие. Оның сенімді қалпы мен сахнадағы жігерлі қозғалысы күшті және харизматикалық кейіпкердің әсерін береді. Осы жерде көптеген кейіпкерлері антагонисттік екенінде тілге тиек еткеніміз артық емес деп ойлаймыз. Иманғалиевтің көздері эмоцияларға толы, бұл оған қуаныштан терең қайғыға дейін көптеген сезімдерді жеткізуге мүмкіндік береді. Мәтінмен жұмыс істеу және кейіпкерлерінің нюанстарын нәзік сезіну қабілетімен ерекшеленеді. Ол дауыспен және мимикамен тәжірибе жасаудан қорықпайды, бұл оның ойынын көп қабатты және көп қырлы етеді. Оның әр сахнаға шығуы оқиғаға айналады, өйткені ол әрқашан ролге жаңа, күтпеген және шынайы нәрсе әкеледі.
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры испан драматургы Гарсия Лорканың «Қанды үйлену тойы» («Кровавая свадьба») трагедиясы негізінде сахналаған «Оян, қалыңдық» спектаклінде Асет Иманғали қалыңдықтың әкесі ролін сомдайды.
Пьесада әке ролі айқын ашылмаған, оның не жаман қасиеттерін немесе жақсы жақтарын байқай алмаймыз. Тек әр адамның бойында бар кішкентай қасиеттері көрінеді. Спектакльде актер кейіпкерін үрейлі, ылғида бір нәрседен қорқып жүретін, алаңғасар адам кейіпінде шығарады. Оны өз қызының сүйгенінің бар екенін біле тұра басқа жанға тұрмысқа бергелі жатқанынан және қызының одан кейінгі жағдайының қалай болатынына деген уайым деп білеміз. Спектакльде қалыңдықтың анасы жайлы “күйеуін жақсы көрмейтін ол”- деген сөздер айтылады. Бұлда сол кезде Әкесіне осындай махаббатсыз, есеппен тұрмысқа шығу қалыпты дүние болғанын білдіреді. Себебі, ол кісіде өз жарымен махаббатсыз отау құрған секілді.

Әкесі қызын тұрмысқа беруге қатты асығады себебі күйеу баласының бай-ауқатты екеніне қызығып, қызы арқылы өзінің жағдайын көтергісі келеді. Той кезінде де ол ілгіште жайылып тұрған киімдерді оңды-солды лақтырып жатады бұнысымен актер оның қуанышын көрсеткісі келді. Шыны керек әкесі қызының тұрмысқа шыққанына емес, оның жақсы жерге әрі бай әулетке бара жатқанына қуанғаны еді. Кейіпкердің осы мақсатын жеткізуде, оның әлеуметтік жағдайын көрсету мақсатында керілген жіптегі киімдерді қызының ішіне салып бастайды. Ол бұл қимылды қызының балалы бола алатындығын білдіру мақсатында жасайды. Жалпы актер өз қимылдары арқылы пьесада жоқ мінезді көрерменге байқата білді. Оның мимикасы, дауыс ырғағының өзгеруі оның әр сахнаның мағынасын айқын ашып қойылымға одан сайын мән беріп тұрады. Қалыңдық қашып кеткенде де оның көптің арасында отырып ажалдың күлкісіндегі кейіпкерінің эмоциясының өзгерісі оның қысылып, қобалжып бір жағынан алынып қойған қалыңдық сыйын нестеймін деген ойлары оны жеп бастағаны байқалады. Актер бұл ролінде өзін сұмпайы әрі қорқақ жан ретінде жақсы ашқан және де актердің шарықтау шегі осы қорқынышқа байланысты болған секілді. Күйеу жігіттің қалыңдығынан айырылуы кезіндегі қорқытулар сәтінде Иманғалиев эмоциясымен және сахна жерінде артқа қарай ығысу арқылы қаймыққанын білдірткен болатын және бұл ұтымды шешім болды деп білеміз. Осылайша актер шарықтау шегімен спектакль соңындағы өлім сахнасына дейінгі кеңістікті бір қалыпты ұстап тұрды. Спектакль соңында да оның Леонардоны емес, күйеу жігітті сүйреп алып кетуіде кейіпкерге осы жігіттің жақын болғанын әлде тиімді болғанын байқатады. Бір қызығы соңғы сахнада екі жігіттіңде өлімі кейіпкерге әсер етпеуі және әдеттегідей қабылдағаны болған болатын. Бұл жағдай әкесіне махаббаттың немесе қыз тағдырының емес тек материалды жағдайдың маңызды болғанын көрсете алды.
Талант туа бітетін қасиет деп санаймыз. Кейбір артисттер роль ойнаудың техникасын меңгеріп, кейіпкерін жақсы ойнап шығады. Қарап тұрсақ ешқандай кемшілік жоқ секілді, алайда сүйсіне алмаймыз. Нақтырақ айтсақ сүйсіндіре алмайды. Себебі, шынайылық жоқ. Талантты әрі ізденісті өз-өзінен талап ететін жан құдды бір болмысы күрделі, жұмбақ дерсің. Бұл спектакльде Иманғалиев өзінің ерекше талантымен әрі осы кейіпкерді ашуға деген құштарлығымен көзге түсті десек артық емес.
Актер Ғ. Мүсреповтің “Ұлпан” романындағы аға би – Есенейдің ролін сомдайды. Автор романда Есенейді сұсты әрі ел ішінде сөзі өтетін, мысты адам ретінде сипаттаған. Алайда, спектакльде жар қызығын, перзент қуанышын көрген азуынды би Есенейдің мінезінде романмен салыстырғанда едәуір айырмашылық бар десек болады.
Оның сахнаға киіп шыққан шапаны, басын тік көтеріп жүріп, өзін-өзі ұстауыда оның бай әрі ел ішінде абыройлы жан екенін байқатқан болатын. Бірақта, спектакльдегі Есеней көп көрерменге елге аты дүркіреп тұрған би емес, Ұлпанның даңқының шығуына және сол кейіпкердің өз шарықтау шегіне жетуге әрекет етуші объект ретінде байқалды.Артықбайдың жалғыз қызы, 18-19 жасар Ұлпанды көрген сәттен бастап кейіпкер өзгеріске ене бастайды, бұрынғы қаһарлы мінезін ұмытып, жүрегіндегі жылулықты тек Ұлпанға ғана емес, оның отбасынада көрсетеді. Оны біз Артықбайдың үйіне баса көктеп кірген Ұлпанның қайын ағасы Мырзагелдінің дөрекі қылығын тыйғанынан байқаймыз. Артықбай мен әйеліне қасқыр аулап әкелгендегі олардың қуаныштары да Есенейдің көңілін көтерді. Себебі Ұлпанның намыстанып қасқыр терісін алмауы, ал, ата-анасының оны тиюы оған үміт бергендей болды. Бидің осы мінездерінің өзгерісі арқылы тек Ұлпан ғана емес, басқада кейіпкерлердің сахнасы кеңейді. Әр актер өз кейіпкерімен жұмыс жасау кезінде оның шарықтау шегін анықтауы керек. Алайда, Есеней сынды кейіпкерде актердің шарықтау шегін көре алмадық. Кейіпкердің жоғарғы деңгейі спектакль басында болғандай. Себебі спектакль басынан соңына қарай тек кейіпкердің құлдырауын байқаймыз. Бәлкім шарықтау шегі осы болар дегенде ойға келдік. Жоғарыда айта кеткендей Есеней артқы планға ауысатын еді, сол себептенде бұл жердегі шарықтау шегі кейіпкердің өмірі соңындағы құлдырауы болар…
Есенейдің спектакль соңында ауыр дем алып, Ұлпанының жанындағы жайма шуақ жүзінен салқындық сезіліп, орындалған арманымен соңғы демінің шыққанын көреміз. Дәл осы сахнада Асет Иманғалидің кейіпкердің ішкі дүниесіне кіріп, Есенейдің ішкі арпалыстарын сезіндіре білді. Актердің мақсатсыз іс-ірекеті оның кейіпкерін ашуға кедергі болады, рольді түсініксіз әрі бір типті қылады.
Иманғалиевтің спектакль барысындағы әрекеттері оның кейіпкерін әр сахна сайын тереңінен ашып отырды және қимыл қозғалыстары да оның образын дамытуда үлкен роль ойнады. Актер өзінің еңбек жолында үлкен ізденістермен айқын іздерін қалдыра білген тұлға.Әр актер үшін театр сахнасы өте ыстық, олар театрға ессіз ғашық болуы керек. Сол кезде ғана оған сомдаған әр ролі ләзәт әкеледі. Жоғарыда айта кеткендей дәл осындай өнерге ессіз ғашық жан- Әсет Иманғали деп білеміз.
Абикен Зейнеп
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық
өнер академиясының 3-курс студенті
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через