ШҚО-да құны 382 млн теңге тұратын алтын заңсыз өндіріліп келген

ШҚО-да құны 382 млн теңге тұратын алтын заңсыз өндіріліп келген
фото: https://pixabay.com/ru/

Тергеу барысында "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ директорының орынбасарларының бірі күдікке ілінді

Шығыс қазақстан облысында 6,7 кг алтынның заңсыз өндірісі анықталды.

Қаржы мониторинг агенттігі Ұлан ауданы Шыбынды өзені аңғарында қымбат металдарды заңсыз өндіру және жер қойнауын өз бетінше пайдалану фактісі бойынша тергеп-тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Тергеу барысында "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ директорының орынбасарларының бірі басқа адамдармен бірге әрекет ете отырып, кен орнын заңсыз игеруді ұйымдастырғаны анықталды.

Осы мақсатта олар өз бақылауындағы "EastGoldStone" серіктестігін тіркеп, пайдаланған.

"Алтын өндіру жұмыстары екі жыл бойы тиісті лицензиясыз, ауыр арнайы техниканы қолданып, өзеннің табиғи арнасына араласу арқылы жүргізілген. Атқарылған заңсыз әрекеттердің нәтижесінде қоршаған ортаға келтірілген залал 300 млн теңгеден асты", - дейді агенттік.

Тінту барысында жалпы құны 382 млн теңге болатын 6,7 кг алтын, 10 млн теңге және 56 мың АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша тәркіленді.

Бұл қаражатқа сот санкциясымен бұғаттау қойылды. Күдіктілер 2 ай мерзімге қамауға алынды.

 Дерек көзі:https://sputnik.kz