Соңғы күндері әлем назарын аса қауіпті хантавирус аударды. Сирек кездесетін жаппай жұқтыру деректері мен вирустың адамнан адамға таралуы мүмкін деген күдік алаңды күшейтті.
Хантавирус қайдан пайда болды, оның пандемияға айналу қаупі бар ма және ол Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін? Kazinform агенттігінің тілшісі мәселенің мән-жайын зерделеді.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana
Теңіз сапарынан басталған індет
Биыл сәуірдің басында нидерландтық MV Hondius круиздік лайнері Аргентинаның Ушуайя портынан Атлант мұхиты бағытына сапарға шықты. Бортта 23 елден келген шамамен 150 жолаушы мен экипаж мүшесі болды. Маршрут Антарктида мен Оңтүстік Атлантикадағы бірнеше арал арқылы өтіп, сапар Канар аралдарында аяқталуы тиіс еді.
Фото: NU.nl
Алайда ұзақ сапар барысында бірнеше жолаушыдан ауыр респираторлық ауру белгілері анықталды. Алғашқы науқас ретінде Нидерландтан келген 70 жастағы ер адам тіркелді. Өкінішке қарай оны аман алып қалу мүмкін болмай, ол кеме үстінде көз жұмды. Кейін оның орнитолог екені белгілі болды.
Болжам бойынша, ол жұбайымен бірге наурыз айының соңында Аргентинаның Ушуайя қаласындағы ғалымдар жиі баратын қоқыс полигонында болған. Associated Press хабарлағандай, аргентиналық мамандар ерлі-зайыптылар қауіпті инфекцияны сол жерден жұқтыруы мүмкін деп есептейді.
Ғалымның жұбайы 24 сәуірде лайнерден түсіп, кейін Йоханнесбург қаласындағы ауруханада қайтыс болды. Кейіннен одан хантавирус расталды. Осы оқиғадан кейін індет халықаралық деңгейде кеңінен талқылана бастады.
Мамыр айының басында ДДҰ ұйымы лайнердегі хантавирус өршуі туралы ресми мәлімдеп, қоздырғыштың «Андес» штамы екенін хабарлады.
Осы уақытқа дейін Германия азаматы болған үшінші жолаушы да көз жұмды. Ал расталған және болжамды жұқтыру жағдайларының саны 11-ге жетті. Соған байланысты Кабо-Верде билігі кеменің жағалауға тоқтауына тыйым салды.
10 мамырда лайнер Испания жандармериясының бақылауымен Тенерифе маңына жеткенімен, портқа кіргізілмеді. Кейін жолаушылар мен экипаж мүшелерінің бір бөлігі шағын топтармен жағаға шығарылып, арнайы рейстер арқылы өз елдеріне жөнелтіле бастады. Қазір олар карантинде, дәрігерлердің бақылауында.
Фото: Reuters
Сонымен қатар хантавирусты жұқтыру жағдайлары Швейцария, Израиль, Германия, Ұлыбритания, Франция, Испания және АҚШ елдерінде де расталды. Осыған байланысты төрт құрлықтағы 19 мемлекет шұғыл әрекет ету шараларын қабылдады.
BBC жазғандай, ДДҰ инкубациялық кезең ұзақтығын ескере отырып, тағы да жаңа жағдайлар тіркелуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Көктемгі қауіп: вирус қалай жұғады?
Хантавирус – табиғи ортада кеміргіштер арқылы таралатын вирустар тобы. Тышқандар мен егеуқұйрықтар өздері ауырмайды, бірақ адамға инфекция тасымалдайды.
Мамандар хантавирустың клиникалық көрінісі әртүрлі екі негізгі ауру тудыратынын айтады. Оның таралуы географиялық аймаққа байланысты ерекшеленеді.
Фото: Anadolu
Оның бірі – бүйрек синдромымен өтетін геморрагиялық қызба. Бұл форма бүйрек пен қан тамырларын зақымдап, ішкі ағзаларда қан құйылуға әкелуі мүмкін.
Екіншісі – хантавирустық кардиопульмонарлық синдром. Ол әлдеқайда қауіпті, себебі өкпенің ісінуіне және тыныс алу жеткіліксіздігіне әкеледі.
Жұқтыру негізінен кеміргіштердің нәжісі, зәрі немесе сілекейімен байланысты. Адам вируспен ластанған шаң-тозаңды тыныс алу арқылы жұқтырады.
Инфекцияның белсенділігі көбіне көктемде артады. Себебі дәл осы уақытта адамдар саяжай, жертөле, аула мен шатырларды тазалай бастайды. Осы кезде сыпырғыш немесе шаңсорғыш қолдану нәтижесінде қыс бойы жиналған ластанған шаң ауаға көтеріліп, вирус тыныс жолдары арқылы ағзаға түсуі мүмкін.
Хантавирус географиясы
ДДҰ дерегінше, әлемде жыл сайын хантавирус жұқтырудың шамамен 10 мыңнан 100 мыңнан астамға дейінгі жағдайы тіркеледі. Аурудың ең көп таралған аймақтары – Азия мен Еуропа. Әсіресе ол ұзынқұйрықты күріш тышқаны мекендейтін Аргентина мен Чили аумағында таралған.
Қытайда да жиі кездеседі. Мұнда жыл сайын 50 мыңға дейін геморрагиялық қызба мен бүйрек синдромы түріндегі жағдай тіркеледі.
Фото: raster-maps.com
Ресейде жыл сайын 5-7 мың жағдай анықталады. Көбіне Орал маңы, Ульянов облысы, Самара облысы, Орынбор облысы және Хабаровск өлкесі аумақтарында анықталады.
Оңтүстік Кореяда жыл сайын 1000-2000 жағдай анықталады. Еуропалық Одақ елдері мен Еуропалық экономикалық аймақ мемлекеттерінде жылына 1500-5000 жағдай тіркеледі. Ауру әсіресе Финляндия, Швеция және Германияда жиі кездеседі.
АҚШ-та жыл сайын 30-50 жағдай тіркеледі. Мұнда да көбіне өкпемен байланысты синдром түрі байқалады.
Вирус Қазақстанда таралуы мүмкін бе?
ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Альбина Өтемұратова Қазақстанда хантавирус тіркелмегенін және оның таралу қаупі төмен екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл инфекция жаңа аурулар қатарына жатпайды және қосымша күшейтілген эпидемиологиялық бақылауды қажет етпейді.
– Инфекцияның негізгі көзі – адам емес, кеміргіштер. Оңтүстік Америкадағы кейбір штамдарға қатысты адамнан адамға жұғу туралы деректер бар, бірақ ол тек өте тығыз және ұзақ байланыс кезінде ғана кездеседі. Көп жағдайда хантавирус адамнан адамға берілмейді, – деді спикер.
Фото: Альбина Өтемұратованың жеке мұрағатынан
Маманның сөзінше, ауру көбіне бастапқы кезеңде айқын белгісіз өтуі мүмкін. Инкубациялық кезең 7-42 күн аралығында болады. Ал алғашқы кезеңде бас ауруы, әлсіздік, бұлшықет ауыруы, жүрек айну, құсу, іш өту, жөтел және ентігу сияқты симптомдар байқалуы мүмкін. Кейін ауыр жағдайларда тыныс жетіспеушілігі мен өкпенің ісінуі дамуы ықтимал.
Ведомство өкілі Қазақстанда аса қауіпті инфекцияны анықтау, оқшаулау және бақылау жүйесі толық жұмыс істейтінін атап өтіп, халық арасында алаңдауға негіз жоқтығын жеткізді.
Пандемия қайталана ма?
Қоғамда пандемияның қайта қайталануы мүмкін деген қауесет айтылғанмен, мамандар мен ДДҰ хантавирустың жаһандық таралу қаупін төмен деп бағалайды. Сарапшылардың пікірінше, ол COVID-19 сияқты тез жұғатын инфекцияларға жатпайды.
– Хантавирустың COVID-19 сияқты жаппай эпидемияға айналу ықтималдығы төмен. COVID өте жұқпалы болып, адамнан адамға ауа-тамшы және аэрозоль арқылы оңай таралуымен ерекшеленді. Бұл оның бүкіл әлемге лезде таралуына себеп болды. Ал Andes orthohantavirus жұқпалылығы төмен, – деді Альбина Өтемұратова.
Фото: Anadolu
Маманның айтуынша, тәуекелді толық жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе саяхат кезінде сақтық шараларын сақтау маңызды.
– Турист ретінде біз барған жердің экожүйесін білмеуіміз мүмкін. Сондықтан сапар алдында ақпарат жинау өте маңызды. Шетелге шыққан жағдайда кеміргіштерден аулақ болу, олардың ықтимал мекен ету орындарына бармау қажет. Стихиялық сауда орындарында тамақтанудан бас тарту керек. Сапардан оралғаннан кейін 1-8 апта ішінде жоғары температура, қатты әлсіздік, бұлшықет ауыруы, жөтел немесе ентігу сияқты белгілер пайда болса, шетелде болғаныңызды міндетті түрде хабарлап, жақын жердегі медициналық ұйымға дереу жүгіну маңызды, – деді ДСМ өкілі.
Ол сонымен қатар алдын алу үшін қарапайым сақтық шараларының маңызын атап өтті. Олардың қатарында үйді таза ұстау, кеміргіштерден қорғау, тағамды жабық сақтау, тазалау кезінде қолғап пен маска қолдану, шаң көтермеу және қолды жиі жуу бар.
Қазіргі таңда хантавирусқа қарсы арнайы вакцина, лицензияланған вирусқа қарсы ем қарастырылмаған.
– Емдеу негізінен қолдаушы сипатта жүргізіледі және тыныс алу, жүрек және бүйрек асқынуларын мұқият клиникалық бақылау мен емдеуге бағытталады, – деді ол.
Мамандар дер кезінде медициналық көмекке жүгіну және ауруды ерте анықтау жағдайында науқастың сауығу мүмкіндігі айтарлықтай артатынын ескертеді.
Ақпарат ҚазАқпарат агенттігінен алынды.