Қай өңірде такси бағасы айтарлықтай қымбаттады?

Қай өңірде такси бағасы айтарлықтай қымбаттады?

фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/zozzzzo

       Қазақстанның бірқатар аймақтарында такси қызметінің құны соңғы айларда едәуір өскен. Сарапшылар бұл үрдісті сұраныстың артуымен және нарықтағы өзгерістермен байланыстырады.

       Finprom.kz деректеріне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы төрт айында елде такси қызметін пайдаланған жолаушылар саны 69,7 пайызға көбейген. Нәтижесінде таксидің жалпы жолаушылар тасымалындағы үлесі 11,5 пайызға жетіп отыр.

       Мамандардың айтуынша, мұндай өсім соңғы жылдары такси нарығында жүріп жатқан «көлеңкеден шығу» процесімен байланысты. Платформалық жұмыспен қамту тетіктерінің енгізілуі ресми тіркелген тасымал көлемін айтарлықтай арттырған.

       Баға өсімі қай өңірлерде жоғары?

       2026 жылдың сәуір айында такси қызметінің бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орта есеппен 16,1 пайызға өскен.

       Ең жоғары қымбаттау Ақмола облысында тіркелді — 45,3 пайыз. Одан кейін Алматы қаласы — 27,3 пайыз және Атырау облысы — 25,4 пайыз. Астанада баға 18 пайызға көтерілсе, Шымкентте бұл көрсеткіш 10,8 пайызды құрады. Ең төмен өсім Солтүстік Қазақстан облысында байқалып, 2,2 пайыз деңгейінде қалды.

       Сарапшылар соңғы бір жыл ішінде бағаның тұрақты түрде ай сайын 1–2 пайызға өсіп отырғанын айтады. Өткен жылдың жазында бір айдың ішінде 4,7 пайыздық күрт қымбаттау да тіркелген.

       Қымбатшылықтың негізгі себептері

       Такси қызметі бағасының өсуіне бірнеше фактор әсер етіп отыр. Олардың қатарында жанармай құнының қымбаттауы, автокөлік бөлшектерінің өсуі, жүргізушілер табысының артуы және агрегатор платформаларының комиссиялық мөлшерлемелерінің көбеюі бар.

       Сонымен бірге жеке тасымал қызметіне деген сұраныстың күрт артуы да бағаға ықпал еткен. Нарықтағы бәсекенің жеткіліксіздігі ірі агрегаторларға тарифтерді көтеруге мүмкіндік бергені айтылады.

       Заңнамалық өзгерістер

       Айта кетейік, елімізде такси тасымалдаушыларына қатысты хабарлама беру тәртібі жаңартылған. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, енді тасымалдаушылар қызметті бастамас бұрын жергілікті атқарушы органға міндетті түрде хабарлама жолдауы тиіс.

       Сонымен қатар көлік құралдары ауысқан немесе автопаркке жаңа көлік қосылған жағдайда да тиісті өзгерістерді енгізу қарастырылған.

Жазылу