фото: Коллаж: Kazinform/CР
Жамбыл облысында қой жүніне негізделген органикалық тыңайтқыш эксперименттік үлгіде өндіріліп жатыр. Бұл жайында Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім етті.
kaz.inform.kz сайты хабарлағанындай, қой жүнін тыңайтқыш ретінде пайдалану өзге елдердің тәжіриебсінде бар екен.
- Бүгінгі таңда қой жүнін органикалық тыңайтқыш ретінде пайдалану Германия, Ұлыбритания, Моңғолия сияқты елдерде дамып келеді. АҚШ-та жүнді органикалық егіншілікте қолдану бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіліп жатыр. Қазақстанда шикізат базасының болуы мен дамыған қой шаруашылығын ескере отырып, әсіресе суармалы егіншілік және топырақтағы органикалық заттардың тапшылығы жағдайында қой жүнін органикалық тыңайтқыштар ретінде қолдану зор мүмкіндікке ие. Бүгінде қой жүніне негізделген органикалық тыңайтқыштардың аз мөлшері Жамбыл облысында эксперименттік түрде өндіріледі, - деді ведомстводан агенттік сауалына орай.
Айта кетерлігі, мемлекеттік тапсырыс бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында министрлік жыл сайын ғылыми зерттеулер жүргізуге және өндіріске, агроөнеркәсіптік кешен саласында жаңа озық технологияларды енгізуге бағытталған бюджеттік бағдарламаны іске асырып жатыр.
- Мұндай ғылыми жұмыстардың басым бағыттарының қатарында әртүрлі ауыл шаруашылығы дақылдары үшін қой жүнінен органикалық тыңайтқыштарды тиімді пайдалануды зерттеу жоспарланған. Сонымен қатар 2028 жылдан бастап өнеркәсіптік өндірістің органикалық тыңайтқыштарын сатып алу кезінде мемлекеттік қолдау тетігін енгізу көзделіп отырғанын атап өткен жөн. Бұл өз кезегінде экологиялық таза тыңайтқыштар өндірісін, оның ішінде қой жүнін өндіруді дамытуға түрткі болады, - деді Ауыл шаруашылығы министрлігінен.
Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через