Биыл қарашада AI-Farabium IІ суперкомпьютері іске қосылады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Үкімет отырысында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин мәлімдегеніндей, Алматы қаласында әлемдегі ең өнімді 500 суперкомпьютер қатарына кіретін AI-Farabium I суперкомпьютері іске қосылды. Бүгінде ол әлемдегі суперкомпьютерлер арасында 103-орында тұр. Сонымен қатар қазіргі уақытта оның есептеу қуаты 100 пайыз қолданылады.
Фото: ҚР Үкіметі
— Мұнан бөлек жаңа деректерді өңдеу орталықтар құрылып жатыр. Биыл қараша айында Қосшы қаласындағы суперкомпьютерді іске қосу жоспарланған. Оны AI-Farabium IІ деп атадық. Оның өнімділігі Алматыдағы суперкомпьютерден 3 есе арттық, 4,3 мың петафлопс болады. Сонымен бірге Қазақтелеком Екібастұз қаласындағы Деректер орталығы алқабын салу жобасының операторы болып белгіленді. Бүгінде 20-дан астам гиперсейл-компаниялармен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде 100 МВт-тан аса қуатқа алдын ала сұраныс қалыптастырылды., — деді Бағдат Мусин.
Бұған дейін Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов елдегі қай университеттерде суперкомпьютер орнатылғанын және оларды кімдер пайдалана алатынын түсіндірген еді.
— Университеттердің барлығы суперкомпьютерлерді пайдалана алады. Қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде үлкен суперкомпьютерлер орнатылған, — деді Т. Ешенқұлов Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Осы орайда ол суперкомпьютер арқылы зерттеу жүргізгісі келетін кез келген ғалым аталған оқу орындарына бара алатынын айтты.
Сонымен қатар вице-министр болашақта суперкомпьютерлер басқа да университеттерге орнатылатынын жеткізді.
Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды.