фото: Солтан Жексенбеков Казинформ
Назарбаев университеттің (NU) инженері Анар Сандығұлова аутизм ерекшелігі бар балаларды жасанды интеллектіге негізделген робот терапиясы арқылы оңалту әдістемесін әзірлеген. Еңбегіне авторлық құқық рәсімдеп те үлгеріпті. Енді АҚШ пен Еуроодақтан патент алмақшы.
«Біз бұл жобаны 2018 жылы қолға алдық,-дейді ғалым. Басында робот баламен қалай сөйлесу керек деген сұраққа жауап іздедік. Әр сөзді баланың құлағы, одан кейін миы қалай қабылдайтынын түсініп алу керек еді. Астанадағы республикалық оңалту орталығы бұл тұрғыдан бізге көп көмектесті. Сондағы балалар алғашқы роботтарымыздың тәлімгері болды десек дұрыс шығар. Тіпті сол орталыққа роботымызды құшақтаған күйі күн құрғатпай барып жүрген күндер болды. Тіпті орталық екінші жұмыс орнымызға айналған еді. Мұнда елдің бүкіл өңірінен балалар келетіндіктен 3 апта сайын жаңа балалар келіп отырады. Бұл бізге роботтарымызды әр түрлі баламен сынауға мүмкіндік берді. Арасында роботқа қол жұмсай кететін агрессивті, шалт мінезділері болды. Осылайша бағдарламамыздың алғашқы нұсқасын әзірлеп шығу үшін 5 роботты зақымдап үлгеріппіз. Бірінің саусақтары жұлынған, бірінің иығы шыққан деген сияқты. Шкафта жатыр әне». Ғалым алғашқы тәжірибесін осылай еске алды.
Кейде тіпті туған әке-шешесінің өзі тілін табуға қиналатын ерекше балаларды робот несімен баурап жүр?
- Мұндай ерекшелігі бар балалар сабақтағы уақытының кемінде 50 пайызын айналасын зерттеумен өткізеді. Басқаша айтсақ, баланы сабақ үстеліне отыруға көндіру үшін ғана кемінде бүкіл уақыттың 50 пайызы кетеді. Сабаққа ден қоюы өте қиын әрі тұрақсыз. Ал бөлмеде робот пайда болған сәттен бастап баланың назары соған ғана ауады. Мұны сиқыршының таяғына ұқсатуға болады. Бір ғана тетікті сырт еткізіп басасың, баланың назары сабаққа ауады.
Маман роботпен жаттығуды сабақтың аяғына қалдыруы да мүмкін. Сабақ жоспарында басқа көрнекі құралдармен жұмыс істеу жазылған болса, солай істей алады. «Бәрі біткен соң роботпен жұмыс істейміз» деген сиқырлы сөзді айтса болғаны, - дейді Анар Сандығұлова.
«Көзіме тіке қара»
Айтуынша, кейде роботты бүкіл сабақ бойы пайдалануға болады. Басқаша айтсақ, маман үйретуі керек мазмұнның бәрін роботтың «аузымен» айтқызып, сіңіруге болады. Мұндай кезде бөлмеде роботтан басқа бала назары түсетіндей зат болмау керек. Екеуі еденде қарама-қарсы отырып, сұхбат құрады. Мұндағы басты артықшылық – баланың көз деңгейінде отырып әңгімелесу эффектісі.
«Роботқа сабақ жоспарына сай енгізілген бағдарлама бойынша түрлі ойындар ойнатуға болады. Мысалы, «Оң қолым қайсысы» деп сұрақ қояды немесе «Басымнан сипап көрші» деп өтініш айтады. Баланың әр дұрыс әрекетіне робот та жауап қатып, көңілді қимылмен, мақтау сөзбен ықылас білдіреді.
Бұл роботтардың көз сенсоры өте сезімтал. Баланың көзі көзімен түйіскен сәтте түсі бірден өзгеріп, баламен байланыс орнағанын сезе қояды. Ол өзгерістер балаға да айқын көрінеді. Ал балаға көзбен түсінісудің мәні зор. Роботты тірі дос ретінде қабылдай бастайды. Жалпы аутизм ерекшелігі бар балалардың көзбен түсінісу қабілеті нашар дамыған. Сол тұрғыдан алғанда робот - өте тиімді тәлімгер. Бізде бір қыз болды, жеті жасқа келгенше туған шешесінің көзіне қарап көрмеген. Роботпен 2-3 рет сабақ өткеннен кейін шешесінің де көзіне қарайтын болған. Сондағы шешенің қуанышын көрсеңіз ғой. «Балама не істеп едіңдер? Жеті жылда бірінші рет көзіме тура қарады ғой» деп қуанғанда бойымыздан ток жүріп өткендей күй кештік.
Аутист бала неге адам көзіне тіктеп қарамайды?
Өйткені миы адамның көзін оқуды тым көп ақпарат деп қабылдайды. Ал роботтың көзінен өзара байланыстан басқа мазмұн болмағандықтан көз тоқтатып үйренуге жеңіл. Бұл жерде біздің роботтардың бет-әлпетінің жоқ болғаны да маңызды. Күрделі мимика, жест те жоқ. Ауыз қуысы мен көзінен басқа ештеңе жоқ.
Тілі шықпай жүрген балалардың роботпен сабақ өткеннен кейін сөйлей бастаған сәттері көп. Тіпті 6 жасында өмірінде алғаш айтқан сөзі «робот» болған бала болды. «Мама», «папа», «ата» емес, «робот» деп бастаған».
Тәлімгер де өзі, журнал да өзі, күнделік те өзі
Бұл – робот техникасы емес, робот терапиясы. Көбі солай шатастырып жатады.
«Робот техникасы болу үшін бала роботпен жұмыс істеу керек. Ал бұл жерде робот баламен жұмыс істейді. Біздің жағдайда бала роботқа мазмұн бермейді, робот балаға мазмұн береді. Басқаша айтсақ, баланы әлеуметтің бір бөлшегі етуге қолданамыз. Қазіргі балаларды классикалық жаңылтпаш пен санамақпен қызықтыру қиын. Сондықтан орыстың «фиксикиін», қазақтың «Әжешайын» енгізіп қойғанбыз. Робот баланың көңілін сондай әндермен аулайды.
Ғалым баламен робот арқылы жұмыс істейтін мамандардың өзін де оқыту керектігін айтады.
- Өйткені жоғары білім алғанда бұларға ондай машық үйретілген жоқ. Роботты бірінші рет «тірідей» көріп, қолмен ұстап тұрған болуы мүмкін. Жеті қалаға робот әзірлеп бердік дедік қой, соның бәрінде мамандарды нөлден бастап үйреттік. Роботтың ІР мекенжайын анықтаудың өзіне қиналған мамандар болды.
Әке даусы
«Роботқа бағдарлама жазғанда бүкіл әдістемелік дүниені ағылшын, орыс тіліндегі базалардан алғанбыз. Шымкент, Жамбыл сияқты өңірлерге бұл жарамсыз еді. Сондықтан роботымыз қазақша сөйлеу керек болды. Оның өзінде бала түсінетіндей етіп қазақшалауға тырыстық. Ата-анасы қазақ тілді деп есептейтін кейбір баланың негізгі ақпараттың бәрін орысша тұтынатынын көрдік. Сөйтсек, бала үйде қазақша сөйлескенімен, онымен жұмыс істейтін маман орысша сөйлесетін болып шықты. Бұл баланы өзін дамытумен байланысты ақпараттың бәрін орысша тұтынуға бейімдеп жіберген.
Баланы робот арқылы жетелеу үшін белгілі бір бағдарламаны роботқа орнату жетіп жатыр десеңіз, қателесесіз. Әр балаға жеке әдістеме керек. Мысалы, бір бала роботты ер адамның даусымен сөйлегенде ғана қабылдады. Сөйтсек, оның сабағына, жалпы дамуына әкесі жауапты екен. Отбасында сондай шешім қабылданған болып тұр ғой. Жұмыстан келе салып, баласын дамытумен машықтанған. Бала осыған бой үйреткені соншалық, робот оған бала даусымен, әйел даусымен сөйлескенде дұрыс қабылдамай қойған».
Павлодар, Қостанай, Өскемен, Ақтөбе, Шымкент, Талдықорған, Тараз. «Қамқорлық» корпоративтік қоры осы жеті қаладағы аутизм ерекшелігі бар балаларды оңалтатын жеті орталыққа 14 робот сатып әперген.
- Орталықтар роботты өздері сатып алып, кедендік рәсімдерін де өздері реттейді. Біз тек бағдарлама жазып, баламен жұмысқа бейімдеп береміз, - дейді инженер.
Бұл орталықтарда 300-дей бала оңалтуға жазылған.
Тіпті Астанадағы республикалық орталықтың өзінде мұндай роботтар жоқ. «Қамқорлық» қоры игілікті астанадан бұрын өңірлер көру керек деген қағидатпен жұмыс бастаса керек.
Ғалымның арманы
Анар Сандығұлованың негізгі лауазымы - робот техникасы факультетінің инженері. Бірақ балаларды робот көмегімен дамыту тақырыбында диссертация қорғаған. ЖИ көмегімен бала дамытуға арналған алгоритм жазу үшін педагогика мен психологияны да өз бетімен меңгеруіне тура келіпті.
- Орталықтар бір роботты орта есеппен 3 млн теңгеге сатып алатын көрінеді. Ал NU ұсынатын бағдарламалық жетек 300 мың теңге тұрады.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через