ҚТЖ пойыз билетін онлайн қайтару қызметін іске қосты
Жолаушы билетті пойыздың станциядан аттануына дейін 1 сағаттан аз уақыт қалса және станциядан аттанғаннан кейін 1 сағат өткенге дейін онлайн қайтара алады
"2022 жылдың сәуір айынан бастап жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында "Жолаушылар тасымалы" АҚ төлем әдісіне (қолма-қол/ақшасыз есеп айырысу) және қай жерде сатылғанына қарамастан, барлық электронды жол жүру құжаты бойынша орындарды онлайн қайтару функциясын іске қосты", - деп хабарлады "Қазақстан темір жолы" баспасөз қызметі.
Жолаушы билетті пойыздың станциядан аттануына дейін 1 сағаттан аз уақыт қалса және станциядан аттанғаннан кейін электронды билетте көрсетілген уақыттан 1 сағат өткенге дейін онлайн қайтара алады.
Орынды қайтару үшін мыналарды орындау керек:
Қазақстан темір жолы сайтына кіру, "Наразылық бойынша орынды қайтару" қосымша бетін басу;
сайтта қажетті барлық жолды толтырып, орынның қайтарылғаны туралы түбіртекті жүктеу.
"Жолаушыға қаражат электрондық жол жүру құжатын (билетін) сатып алу тәсілі мен орнына байланысты белгіленген тәртіппен қайтарылатынын жолаушылар ескеруге тиіс", - деді баспасөз қызметінде.
Толығырақ ақпаратпен компания сайтындағы "Көмек" – "Орындарды қайтару" бөлімінде танысуға болады.
Жолаушылар тасымалы ережелері бойынша қолданылмаған жол жүру құжаты үшін ақшаны қайтару орынды сату жүйесіне қайтарған кезде ғана орындалатынын атап өту керек.