Ұлттық банк «ALTYN ORDA» атты жаңа коллекциялық монетаны айналымға шығармақ

Ұлттық банк «ALTYN ORDA» атты жаңа коллекциялық монетаны айналымға шығармақ

фото: nationalbank.kz

       Қазақстан Ұлттық Банкі «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясы аясында «ALTYN ORDA» атты жаңа коллекциялық монетаны айналымға шығармақ. Бұл – тек қаржылық айналымдағы белгі ғана емес, Ұлы даланың терең тарихын ұлықтаған мәдени мұраның символы десек артық емес.

       Алтын жалатылған бұл ерекше монета 925 сынамалы күмістен дайындалған. Салмағы – 62,2 грамм, диаметрі – 50 миллиметр. Жоғары сапалы “proof” үлгісінде жасалған коллекциялық монетаның номиналы – 2000 теңге. Таралымы небәрі 1000 данамен шектелген. Бұл оның тарихи әрі коллекциялық құнын арттыра түседі.

       Алтын Орда — XIII-XV ғасырларда Еуразия кеңістігінде айрықша із қалдырған алып мемлекет. Ол Шығыс пен Батысты жалғаған Ұлы Жібек жолының дамуына серпін беріп, халықаралық сауда мен мәдени байланыстың өркендеуіне ықпал етті. Көпұлтты, көпмәдениетті қоғам қалыптастырып, өркениеттер сабақтастығына жол ашқан Алтын Орданың мұрасы бүгінгі Қазақстан тарихымен де тығыз байланысты.

       Ұлттық банктің мәліметінше, бұл монетаны шығару – тарихи жадыны жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар, монета Қазақстан аумағында өзінің белгіленген құны бойынша барлық төлем түріне жарамды болады.

       Монетаның сатылымға нақты қашан шығатыны жөніндегі ақпарат Ұлттық банктің ресми сайтында қосымша жарияланады.

Подписаться