Ұйқы кестесінің бұзылуы ауыр дерттерге әкелуі мүмкін

Ұйқы кестесінің бұзылуы ауыр дерттерге әкелуі мүмкін

фото: https://aqmeshit-aptalygy.kz

       University of Oulu ғалымдары жүргізген жаңа зерттеу ұйқы режимінің тұрақсыздығы орта жастағы адамдардың жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығу қаупін едәуір арттыруы мүмкін екенін көрсетті. Әсіресе күн сайын әртүрлі уақытта ұйықтау және жеткіліксіз демалу денсаулыққа айрықша қауіп төндіреді.

       Зерттеу нәтижесіне сәйкес, тәулігіне сегіз сағаттан аз ұйықтап, ұйқы кестесін сақтамайтын адамдарда ауыр жүрек ауруларының қаупі шамамен екі есеге жоғары болған. Мұндай дерттердің қатарына миокард инфарктісі, инсульт және арнайы медициналық көмекті қажет ететін өзге де күрделі жүрек-қан тамырлары аурулары жатады.

       Ғалымдардың айтуынша, бұған дейін де ұйқы тәртібі мен жүрек саулығы арасындағы байланыс туралы деректер болған. Алайда бұл жолы зерттеушілер алғаш рет ұйқыға жату уақытының, ояну мезетінің және жалпы ұйқы ырғағының өзгерісін жеке-жеке талдаған.

       Жоба аясында 1966 жылы Солтүстік Финляндияда дүниеге келген 3231 адамның мәліметі зерттелді. Қатысушылар 46 жасқа толғанда бір апта бойы арнайы белсенділік датчиктерін таққан. Құрылғылар олардың қанша уақыт ұйықтағанын әрі төсекте қанша уақыт өткізгенін тіркеп отырған. Кейін мамандар еріктілердің денсаулық жағдайын он жылдан астам уақыт бойы медициналық дерекқорлар арқылы бақылаған.

       Зерттеу қорытындысы дәл ұйқыға жату уақытының тұрақсыздығы жүрек-қан тамырлары аурулары қаупінің артуымен тікелей байланысты екенін көрсетті. Ал ояну уақытының әркелкі болуы мұндай әсер бермеген.

       Мамандардың пікірінше, тұрақты ұйқы режимі адамның күнделікті өмір ырғағын қалыптастырып қана қоймай, жүрек саулығын сақтауда да маңызды рөл атқарады. Сондықтан ұйқы кестесін бірізді ұстау — әр адам өз өмірінде бақылай алатын қарапайым әрі маңызды әдеттердің бірі.

Подписаться