Биыл авиабилет 30 пайызға қымбаттаған. Себебі неде?
Соңғы уақытта билет құнымен қоса, қызмет сапасына да көңілі толмаған жолаушылардан арыз қарша борап жатыр екен. Мәжіліс депутаттары мұның себебін жауапты органдардан сұрады, деп жазды "Сапалы Қазақстан" порталы ktk.kz сайтына сілтеме жасап.
Олжас Құспеков, Мәжіліс депутаты — Бізде Азаматтық авиация комитеті уәкілетті реттеуші орган емес. Қазір ол нарықта жұмыс істеп тұрған әуе компанияларының ығына жығылғыш. Мұны депутаттар да, бүкіл ел де біледі. Кішкене мінез көрсетіп, мемлекеттің ұстанымын айқын көрсетсеңіздерші. Халық мүддесіне сай жұмыс істеу керек. Билет бағасына шектеу қою керек, қазір тек осы мәселе тұр.
Депутаттар әуе компаниялары ұшу билетінің бағасын негізсіз өсірмеу үшін белгілі бір баға шектеуін енгізу керек деп отыр. Әсіресе, сапар күні жақындаған сайын билет бағасы қатты өседі. Көрші елдерге тікелей ұшу тіпті қымбат. Одан бөлек, билет тапшылығы да жолаушыларға үлкен проблема. Алайда бағаны шектеуді Азаматтық авиация комитеті құптап отырған жоқ. Егер ондай шектеу енгізілсе, алдын ала сатып алынған арзан билет де болмайды дейді жауапты орган.
Сәрсен Жарылғасов, ҚР Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары: — Шекті тариф мәселесіне қатысты айтқым келеді, біз мұны қарастыруға дайынбыз. Бұл мәселе алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Алайда әуе компанияларын алаңдататын — төмен тарифті алып тастауы мүмкін. Тарифтің өсуіне қатысты айтарым, әуе отыны — негізгі мәселе. Жалпы алғанда біз де әлемде болып жатқан жаһандағы сын-қатерге ұшырап отырмыз. Ішкі өндірісіміз жеткіліксіз.