Алматы қаласында ғылым мен руханият тоғысқан тағылымды оқиға өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының құрылымында, «Тұран» университеті базасында «Ұлы дала: Тұран өркениеті» халықаралық зерттеу орталығы ресми түрде ашылды.
Бұл бастама — Ұлы даланың терең тамырлы тарихын жаңаша зерделеуге бағытталған іргелі қадам. Орталықтың басты миссиясы – халықаралық деңгейде ғылыми зерттеу хабын қалыптастыру, сондай-ақ ел ішіндегі және шетелдік академиялық кеңістікті біріктіретін көпдеңгейлі «жұмсақ ғылыми инфрақұрылым» жүйесін дамыту.
Салтанатты жиында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл оқиғаның тарихи мәніне айрықша тоқталып, жаңа орталықтың отандық гуманитарлық ғылымға тың серпін беретінін атап өтті. Ал Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Ұлы дала өркениетінің сабақтастығы елдің рухани-тарихи негізін айқындайтынын тілге тиек етті.
Жаңа ғылыми орталық өз жұмысын үш деңгейлі үлгіде жүргізбек: Ұлттық ғылым академиясы үйлестіретін орталық хаб, ел ішіндегі ғылыми-білім беру ұйымдарын біріктіретін ұлттық желі және шетелдерде құрылатын «Тұран орталықтары» мен кафедралар. Сонымен қатар «Turan Civilization Digital Atlas» секілді цифрлық жобалар арқылы гуманитарлық зерттеулерге жасанды интеллект, GIS және интерактивті картография енгізілмек.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл бастама Ұлы даланы тұтас өркениеттік кеңістік ретінде ғылыми тұрғыда қайта пайымдауға жол ашатынын атап өтті.

Халықаралық деңгейде өткен шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Түркия елдерінің дипломатиялық өкілдері, жетекші ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Жиын барысында Орталық Еуразияның тарихи-мәдени мұрасы, өркениеттік сабақтастық және тарихи жадыны цифрландыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Салтанатты ашылу рәсімі Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған концерттік бағдарламамен түйінделіп, түрлі этностар мәдениетінің әсем өрнегімен әрленді.
Осылайша, «Ұлы дала: Тұран өркениеті» халықаралық зерттеу орталығы — ұлттық мұраны әлемдік ғылыми кеңістікпен сабақтастыратын жаңа белеске айналмақ.