Сахнадағы шындық: “Ревизор” арқылы қоғамға үңілу

Сахнадағы шындық: “Ревизор” арқылы қоғамға үңілу

фото: /kuyrshak_teatry

       Классикалық драматургия – уақыт сынынан өткен, адамзатқа ортақ құндылықтарды қозғайтын рухани мұра. Мұндай шығармалар белгілі бір дәуірдің шеңберінде қалып қоймай, әр кезеңде жаңа қырынан танылып, өзектілігін сақтайды. Егер шығарма бүгінгі қоғаммен үндеспесе, көрермен жүрегіне жетіп, ой салмаса, оның сахналық ғұмыры да ұзаққа бармасы анық. Осы тұрғыдан алғанда, Николай Гогольдің «Ревизор» пьесасы – қоғамдағы жемқорлық пен екіжүзділікті әшкерелейтін мәңгілік туынды. Жуырда бұл шығарма Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында режиссер Фархад Молдағалидің жаңаша көзқарасымен сахналанды. Режиссер классикалық мәтіннің өзегін сақтай отырып, оған заманауи тыныс беруге ұмтылған.

       Қойылымда ирония мен гротеск әдістері шебер қолданылып, әлеуметтік мәселелер сахналық тіл арқылы әсерлі жеткізіледі. Бұл тәсілдер көрерменге тек оқиғаны бақылап қана қоймай, кейіпкерлердің ішкі қайшылықтарын сезінуге мүмкіндік береді. Спектакль саундрама жанрында ұсынылғанымен, оның құрылымында мюзикл элементтері басымырақ көрінеді. Музыка мен дыбыс қойылымның ажырамас бөлігіне айналып, көрермен эмоциясын күшейтетін құрал ретінде қызмет атқарады.

       Режиссер мәтінді түбегейлі өзгертпегенімен, сахнада бүгінгі күнге таныс бейнелерді ұсыну арқылы шығарманы замандас көрерменге жақындата түскен. Актерлік ансамбльдің үйлесімділігі ерекше байқалады. Әсіресе, Бобчинский мен Добчинский образдарының бір ырғақта тоғысуы спектакльге жеңілдік пен юмор сыйлайды. Бұл рөлдерді сомдаған Шағуан Үмбеталиев пен Нұржан Асылхан сахнада табиғи әрі ширақ ойын өрнегін көрсете білді.

 

       Хлестаков бейнесін сомдаған Елубай Нариман да көрермен назарын аударған актерлердің бірі. Оның көмекшісімен арадағы сахналарда ирония мен астарлы әзіл қатар өріліп, қойылымның динамикасын арттыра түседі. Жалпы спектакльде ұсақ рөлдердің өзі назардан тыс қалмай, әр кейіпкерге өзіндік «шағын сахналық өмір» берілгені байқалады.

       Музыкалық сүйемелдеу мен хор көріністері режиссерлік шешімнің негізгі тіректерінің бірі. Сахна шетінде орналасқан музыкалық топ қойылым атмосферасын толықтырып, әр көріністің эмоциялық реңкін айқындайды. Сонымен қатар, сценография мен пластикалық шешімдер де спектакльдің көркемдік тұтастығын күшейткен. Дуанбасының әйелі мен қызының балкондағы сахналары, сондай-ақ қыздардың биі – қойылымның есте қаларлық көріністерінің қатарында.

       Суретші Айнұр Есболатова мен балетмейстер Салтанат Беймишованың шығармашылық жұмысы спектакльдің визуалды әсерін арттырып, көрерменге ерекше эстетикалық ләззат сыйлайды.

       Ең қызығы – бұл интерпретацияда ревизордың өзі сахнада көрінбейді. Ол нақты кейіпкерден гөрі, қоғамның ар-ұяты мен бақылауын бейнелейтін символға айналған. Мұндай шешім қойылымға философиялық тереңдік беріп, көрерменді өзін-өзі бағамдауға жетелейді. Яғни, ревизор – сырттан келетін тексеруші емес, әр адамның ішінде бар өлшем.

       Қорытындылай келгенде, бұл қойылым – күлкі мен ойды қатар өрген, көрерменді бейжай қалдырмайтын сахналық туынды. Музыкамен астасқан көркем шешімдер арқылы спектакль бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелерді астарлап жеткізеді. Жемқорлық пен екіжүзділік секілді дерттердің әлі де жойылмағанын меңзей отырып, көрерменді шындықпен бетпе-бет келтіреді.

       Сондықтан «Ревизор» – тек өткеннің емес, бүгіннің де айнасы.

Динара Сағынғалиева,

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы

3 курс студенті

 

 

 

 

Подписаться