Қазақстанның қысқы спорттағы тарихи кезеңі қорытындыланды

Қазақстанның қысқы спорттағы тарихи кезеңі қорытындыланды

фото: https://pixabay.com/ru/

       Астанада Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен 2022–2026 жылдарға арналған қысқы олимпиадалық циклдің қорытындысына арналған кеңейтілген жиын өтті.

       Шара барысында халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, жоғары нәтижеге қол жеткізген спортшылар мен олардың бапкерлері арнайы марапаттарға ие болды.

       Атап айтқанда, XXV қысқы Олимпиада мен XIV қысқы Паралимпиада ойындарында үздік ондыққа енген спортшылар мен жаттықтырушыларға ведомстволық наградалар табысталды.

       2022–2026 жылдар аралығы Қазақстан спорты үшін айрықша кезең болды. Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен дүбірлі додада отандық спортшылар тарихи жетістіктерге қол жеткізді.

       Қысқы Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 19-орынға тұрақтады. Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров ел қоржынына алтын медаль салып, осы спорт түрінен Қазақстан тарихындағы алғашқы Олимпиада чемпионы атанды. Бұл – соңғы 32 жылдағы қысқы Олимпиададағы алғашқы алтын жүлде.

       Ал Паралимпиада ойындарында ұлттық құрама 55 елдің ішінде 18-орынға ие болды. Ербол Хамитов пара биатлоннан алтын, ал пара шаңғы жарысынан қола медаль жеңіп алып, ел тарихында жаңа белеске жол ашты. Ол – пара биатлоннан алтын алған алғашқы қазақстандық әрі бір Паралимпиадада екі бірдей медаль иеленген спортшы ретінде тарихқа енді.

       Сонымен қатар, бірқатар спортшылар Олимпиада және Паралимпиада ойындарында үздік ондыққа кіріп, ұлттық құраманың дайындығы жоғары деңгейде екенін дәлелдеді.

       Министрлік алдағы уақытта да жоғары нәтиже көрсеткен спорт түрлерін дамытуға, ұлттық құрамалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және спортшыларды ірі халықаралық жарыстарға дайындауға бағытталған жұмыстарды жалғастырмақ.

       Жиын барысында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарында топ жарған спортшылардың жетістіктері де ерекше аталып өтті. Бұл – елімізде мықты спорттық резервтің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

       Сондай-ақ, бірқатар бапкерлер мен сала мамандары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында ордендер мен арнайы төсбелгілерге ие болған жаттықтырушылар мен спорт қызметкерлері бар.

Подписаться