Ұлттық банк басқармасының 2026 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен валюталық реттеу және валюталық бақылау мәселелері бойынша бірқатар қаулыларға өзгерістер енгізілді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы Kazinform-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Негізгі өзгерістерге сәйкес, елде валюталық операцияларға бақылау күшейтіліп, банктерге операцияларды тексеру және заң бұзу туралы хабарлау міндеті жүктеледі. Сонымен қатар белгілі бір қаржы шектерінен асатын мәмілелерге қосымша талаптар енгізіліп, валюталық операциялардың ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге басымдық беріледі.
• валюталық бақылау күшейтіледі: банктер операцияларды тексеріп, заң бұзу туралы хабарлайды;
• шекті сомалар белгіленді: жеке тұлғалар үшін — 10 000 АҚШ долларынан, заңды тұлғалар үшін — 50 000 АҚШ долларынан бастап;
• бірқатар операция үшін валюталық шарттың есептік нөмірі міндетті болады;
• бизнес субъектілері валюта сатып алу мақсаттарын растауы тиіс;
• капиталды заңсыз шығаруға тәуекелі жоғары операцияларға (аударымдар, қарыздар, экономикалық мәні жоқ мәмілелер) бақылау күшейтіледі.
Сонымен қатар жеке тұлғалар үшін жеңілдіктер сақталады: 10 000 АҚШ долларына дейінгі аударымдарды шот ашпай-ақ жүзеге асыруға мүмкіндік бар.

Фото: pexels.com.
Қаулының негізгі мақсаты:
• қаржылық тәртіпті арттыру;
• қаражатты заңсыз әкетумен күресу;
• валюталық операциялардың цифрландырылуын және ашықтығын қамтамасыз ету.
Қаулы 2026 жылғы 19 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұдан бөлек, 2026 жылғы 12 шілдеге дейін уәкілетті банктер мен валюталық бақылау агенттері бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына қатысты норма уақытша тоқтатылды, оған сәйкес олар цифрлық құжаттар сервисінен алынған деректерді тек иесінің келісімімен ғана пайдалана алады, ал мұндай келісім «электрондық үкімет» веб-порталындағы жеке кабинет арқылы рәсімделіп, порталға тіркелген ұялы байланыс нөмірі арқылы жіберілетін бір реттік пароль немесе хабарламаға қысқа мәтіндік жауап беру арқылы расталады.
Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды.