Баласы бармаған үйірме тізімде тұр: ата-аналар неге алаңдаулы?

Баласы бармаған үйірме тізімде тұр: ата-аналар неге алаңдаулы?
фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/pijama61

       eGov-тағы күтпеген тіркеулер: балалар бармаған үйірмелер қалай «қатысушы» болып шықты?

       Соңғы күндері қазақстандық ата-аналар eGov порталынан алаңдатарлық жайтты байқап отыр. Көпшілігі өз балаларының ешқашан қатыспаған тегін үйірмелер мен секцияларға тіркеліп тұрғанын кездейсоқ анықтаған. Әлеуметтік желілерде тараған жазбаларда балалардың спорт, музыка, шахмат, робототехника сияқты бағыттар бойынша «қатысушы» ретінде көрсетілгені, алайда шын мәнінде бұл сабақтарға мүлде бармағаны айтылуда. Бұл туралы 31 арнаның Информбюро жаңалықтар қызметі хабарлады.

       Ата-аналардың айтуынша, мәселе мемлекет қаржысы есебінен ұйымдастырылатын тегін үйірмелерге қатысты. Кейбір жағдайларда тіпті мектептің өзінде ондай секциялар болмағанына қарамастан, жүйеде бала тіркелген болып шығады.

       Алматы қаласының тұрғыны Айсұлу Абдрахманова eGov порталынан ұлының мектептегі тегін шахмат үйірмесіне қатысып жүргені көрсетілгенін көріп, таң қалған. Оның сөзінше, баласы мұндай үйірмеге ешқашан бармаған, әрі мектепте шахмат секциясы мүлде жоқ. Анасының алаңдауынша, осындай жалған деректер келешекте баласын жекеменшік орталықтардағы тегін үйірмелерге тіркеуге кедергі келтіруі мүмкін.

        Мұндай шағымдар әлеуметтік желілерде де жиілеп кеткен. Кейбір ата-аналар баласының бір мезетте бірнеше үйірмеге — домбыра, күрес, робототехникаға — қатар тіркеліп тұрғанын білсе, енді біреулерінің айтуынша, баласының мектебі немесе балабақшасы eGov жүйесінде өздігінен өзгеріп кеткен.

       Оқу-ағарту министрлігі бұл мәселеге қатысты түсініктеме беріп, тегін үйірмелерге қатысушылар тізімін жергілікті атқарушы органдар мен білім беру ұйымдары қалыптастыратынын мәлімдеді. Вице-министр Жайық Шарабасов жағдайды реттеу үшін жаңа цифрлық жүйе әзірленіп жатқанын жеткізді.

       Оның айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп, «әлеуметтік әмиян» атты жаңа жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл платформада балалардың үйірмелерге нақты қатысуы туралы шынайы деректер көрсетіледі. Ал егер жалған ақпарат анықталса, ата-аналар мектепке немесе білім бөлімдеріне жүгініп, мәліметтерді түзетуге мүмкіндік алады.