Алматыда «Димаш: бір дауыс – мың ел» көрмесі ашылады

Алматыда «Димаш: бір дауыс – мың ел» көрмесі ашылады
фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ертең Алматыда сағат 15:00-де Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайында әнші ҚР халық әртісі Димаш Құдайбергеннің жеке қорындағы музыкалық аспаптардың «Димаш: бір дауыс – мың ел» атты көрменің салтанатты ашылуы өтеді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Танымал әнші Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне жеке сыйлы,ын табыс етпек. 

Көрменің мақсаты – өнер арқылы халықтарды жақындастырған дарын иесінің мәдени миссиясын дәріптеу, мемлекеттер арасындағы достықты нығайту, әншінің жанкүйерлеріне оның жеке заттарымен жақынырақ танысуға мүмкіндік туғызу. Экспозиция келушілерге әншінің халықаралық деңгейдегі жетістіктерін таныстырып, ұлттық музыкалық аспаптардың маңызын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.

Көрмеге Димаш Құдайбергеннің жеке қорындағы 70-тен астам жәдігер – 2011-2012 жылдары Халықаралық 30/31 ғарыштық экспедициясы барысында ғарышта болған якут халқының дәстүрлі чөмчөө уус аспабы, Майкл Джексонның жеке стилисті Гоко Залдидің Димаш Құдайбергенге арнайы дайындаған сахналық костюмі, әлемге әйгілі румындық виртуоз Георге Замфир сыйға тартқан пан-флейтасы, сондай-ақ, отбасылық мұра ретінде нағашы атасы табыстаған баян аспабы ұсынылады. Аталған жәдігерлер арқылы әртүрлі халықтардың дәстүр сабақтастығы мен Димаш Құдайбергеннің шығармашылық жолы тоғысып, келушілер өнердің сан қырын тереңірек тани алады.

Іс-шара соңында әнші өзінің бала күнінен қолданған жеке домбырасын Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің қорына салтанатты түрде табыстайды.