фото: https://pixabay.com/
Жексенбі. Әдеттегідей баяу басып, ойдың шырмауында келе жатырмын. Әрі-бері ағылған адамдар соңында бір кейуана аяғын әрең басып жылжып барады. Қолындағы кішкене сөмкесі тентек желдің екпінімен біресе оңға, біресе солға ырғала қозғалады. Әжейге кішкене сөмкенің өзі салмақ болып келе жатқаны сырт көзге анық байқалып тұр. Қатарласа бере қолтығынан демеп: - Сізге көмек қажет пе?» деп сұрадым. Бетіме жылы жымиып қарады. Әңгімелесе алға жүрдік. Баласының туған күніне келе жатқан беті көрінеді. Жер көк тайғақ, үлкен адам түгіл, жастардың өзі құлап қалу қаупінен қорқып аяқтарын әрең басады. Тәуекелдің өкпек желімен жарысып келе жатқан қарияның қайсарлығына сүйсінгендеймін.
Екеуіміз бірер аялдамадай қатарласа жүріп келеміз. Ұлты орыс, жасы сексен үшке келіпті.
Өзі әңгімешіл-ақ. Әсіресе, қазақ халқының адамгершілігін, үлкейген ата-аналарын бағып-қағатын қасиеттерін ерекше бағалайтындығын сүйсіне айтты. «Біздерде үлкейген ата-аналарына қарамайтын, бір сөзіңді өткізе алмай, бетіңнен алып, ұрысып тастайтындар көп қой»,- дейді қария өз ұлтына тән ашық мінезбен.
«Біздерге үлкенді сыйлауды қазақ халқынан үйрену керек» - деп сан мәрте қайталады.
Өз ұлтыма айтылған жылы сөз көңіліме жағымды әсер қалдырды. «Қазақ халқы жақсы ғой»,- дейді жүзіне жылы мейірім ұялап.
Қарапайымдылық, қайырымдылық, ізгілік қазақы болмысқа тән. Ол біздің ұлттық тәрбиеміздің алтын діңгегі. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық қазақ атамның қанына сіңген қасиет екені айқын.
Көзіме көздері жәутеңдеп, ана мейіріміне шөлдеген тастанды сәбилер, қарттар үйіндегі баласын зарыға күтіп, терезе әйнегінен телмірген қариялар елестеді. Жаңа ғана бейтаныс әжеден алған аппақ алғыс қана көңілімді жылытып тұрғандай. Базар, мешіт, шіркеу, дүкен маңдарында қақаған қыс, аптап ыстықтарда, қайыр сұрап, алақан жайып отырғандар елестеді көзіме.
Осының бәрі ұлттық болмысты аяққа таптап, әлдебір өгей сезім тұншықтырып тастағандай күй кешеді екенсің.
Бір-екілі жетесіз ұрпақ үшін барлық қазақ халқына топырақ шашуға болмас, дегенмен өзге халыққа үлгі болған ата-баба дәстүрлерін, қазақы қанымызға сіңген адамдық қасиетті аялай білейікші.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через