фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/kroach
Иранда интернет байланысының өшірілуі ел экономикасына ауыр салмақ салды. Сарапшылардың бағалауынша, цифрлық кеңістіктің уақытша жабылуы мемлекетке тәулігіне ондаған миллион доллар шығын әкеліп отыр. Бұл жағдай әсіресе технологияға тәуелді салалар мен халықаралық нарықпен тығыз байланыс орнатқан кәсіпорындарға қатты әсер етті.
Ирандағы IT саласы өкілдерінің айтуынша, интернеттің шектелуі күн сайын 2–3 триллион туман көлемінде тікелей экономикалық зиян келтіруде. Онлайн сауда, цифрлық қызметтер, ақпарат алмасу және шетелдік серіктестермен байланысқа негізделген бизнес түрлері іс жүзінде тоқырау күйіне түскен.
Мамандар ең алдымен цифрлық компаниялар мен ақпараттық қызмет көрсететін ұйымдар зардап шеккенін айтады. Кірісінің негізгі бөлігі жаһандық интернетке тәуелді бұл құрылымдар үшін байланыссыз қалу — жұмыс ырғағының күрт үзілуі ғана емес, кей жағдайда толық тоқтау деген сөз. Нәтижесінде жүздеген кәсіпорын табысынан айырылып, мыңдаған адам жұмыссыз қалу қаупіне бетпе-бет келді.
Экономикалық шығын тек ресми есепке алынған тікелей залалмен шектелмейді. Сарапшылардың пікірінше, инвесторлардың сенімінен айырылу, халықаралық рейтингтердің төмендеуі, капиталдың сыртқа ағылуы секілді жанама факторлар ұзақ мерзімді әрі әлдеқайда ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Кәсіпкерлер де жағдайдың күрделілігін ашық айтып отыр. Иран Сауда палатасының мәліметінше, интернетке шектеулі қолжетімділік бизнес жүргізуді айтарлықтай қиындатқан. Шетелдік серіктестермен байланыс әлсіреп, келісімдер тоқтаған, ал сауда операцияларының бір бөлігі мүлде жүзеге аспай қалған.
Интернеттің өшірілуі бірнеше аптаға созылған кезеңде ел экономикасының тікелей шығыны жүздеген миллион долларға жеткені айтылуда. Бұл Иран үшін тек қаржылық емес, құрылымдық мәселені де айқын көрсетті: заманауи экономика цифрлық инфрақұрылымсыз өмір сүре алмайды.
Айта кетейік, интернет шектеулері елде басталған әлеуметтік-экономикалық наразылықтар аясында енгізілген. Ұлттық валютаның күрт әлсіреуі мен тұрмыс деңгейінің төмендеуі халықтың ашу-ызасын күшейтіп, жаппай қарсылықтарға ұласқан. Алайда байланыс құралдарын өшіру қоғамдық тұрақтылықты сақтаудан гөрі, экономикалық шығынды еселей түскендей.
Цифрлық дәуірде қабылданған әрбір шешімнің бағасы бар. Иран мысалында бұл баға тым қымбатқа түскені анық.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через