Әуе компаниялары ұшаққа билетті артық сатады

Әуе компаниялары ұшаққа билетті артық сатады
фото: © Эрик Романенко/ ТАСС

Қазақстандық әуе компания билеттің орын санынан көп сатылуына байланысты жолаушысына өтемақы төлейтін болды.

Қазақстандық азамат ұшақта орын жоқ екенін ұшудан бір күн бұрын біліп, әуе компаниясын сотқа берді. Нәтижесінде ол өтемақы өндіріп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қарағанды қаласының тұрғыны “Астана-Фукуок-Астана” бағыты бойынша жалпы құны 420 мың теңге болатын төрт әуе билетін сатып алған. Ұшуға бір тәулік қалғанда әуе тасымалдаушы жолаушыға рейстің тоқтатылғанын хабарлаған. Рейстің тоқтатылуына әуе кемесіндегі орын санынан артық мөлшерде билеттердің сатылуы себеп болған.

Әуе компаниясы жолаушыға билет ақшасын қайтаруды немесе бастапқы жоспарланған күннен 2 тәулікке кеш ұшатын “Алматы-Дананг-Алматы” бағытына ауыстыруды ұсынған. Ал жолаушы билет ақшасын қайтаруды таңдаған. Осылайша оған 274 мың теңге көлемінде ақшаның бір бөлігі қайтарылған. Десе де жолаушы өзіне келтірілген материалдық шығын мен моральдық зиянды алға тартып, тур агенті мен әуе тасымалдаушыға қарсы сотқа жүгінген.

Сотта тур агентінің өкілі талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуды сұраған. Себебі агенттің шарт аясында өз міндеттемелерін толық орындағанын атап өткен. Әуе тасымалдаушының өкілі де талапты мойындамай, жолаушының шығындары сотқа жүгінгенге дейін өтелгенін айтқан.

Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық №2 соты істі қарау барысында “Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы” Заңының 86-бабының 4-тармағына сілтеме жасап, жолаушыны уақтылы жеткізбеу және рейсті тоқтатуға қатысты жауапкершілік тікелей әуе тасымалдаушыға жүктелетінін айтты.

Сот мәліметінше, тур агенті тасымалдауды жүзеге асыруға жауапты тарап саналмайды. Сол себепті олар жауапкершіліктен босатылды. Ал овербукингке жол беріп, рейсті тоқтатқан әуе тасымалдаушының әрекеттері жолаушыға келтірілген моральдық зиян үшін өтемақы төлеуге негіз болып танылды. Осыған байланысты әуе компаниясынан 50 мың теңге мөлшерінде моральдық зиян өндірілді.

Апелляциялық саты соты бірінші сатыдағы соттың қорытындыларымен келісіп, шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Жұмаділлә Нұрила

Дерек көзі: https://stan.kz