фото: pixabay.com
Қазақстан Ұлттық Банкі "қате аударылған ақша" арқылы жасалатын алаяқтықтың көбейгенін ескертті. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы Informburo.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Реттеушінің мәліметінше, қаскөйлердің кең тараған әдістерінің бірі – банк шотына ақша түскені жайлы жалған SMS-хабарлама жіберу. Мұндай жағдайда азаматқа белгісіз нөмірден ақшаның түскені туралы хабарлама келеді, артынша өзін қаражатты "қателесіп аударған" адам ретінде таныстырған алаяқ қоңырау шалып, ақшаны кері қайтаруды сұрайды. Алайда бұл хабарламалар көбіне жалған болып шығады.
Ұлттық Банк кез келген күмәнді хабарламада ақша қозғалысын тек ресми мобильді қосымша немесе интернет-банкинг арқылы тексеруді ұсынады. Сонымен қатар белгісіз сілтемелерді ашпау керектігін ескертеді.

pixabay.com
Алаяқтықтың тағы бір схемасы шынайы аударыммен байланысты.
Бұл жағдайда қаскөйлер азаматтың шотына нақты ақша аударады да, кейін хабарласып, "қателескенін" айтып, қаражатты өзге адамның (үшінші тараптың) шотына қайтаруды талап етеді. Әңгіме барысында олар психологиялық қысым көрсетуі, я құқық қорғау органдарына шағымданатынын айтып қорқытуы мүмкін. Кейде өзін "күш құрылымдарының" немесе "Ұлттық Банк қызметкерінің" атынан таныстырып, жеке деректерді сұратады.
Ұлттық Банк мұндай жағдайда бірден банкке хабарласуға және ешқандай бөтен адамның шотына ақша жібермеуге кеңес береді. Қажет болған жағдайда банк бөлімшесіне барып, ресми өтініш жазу ұсынылады.
Реттеуші өз қызметкерлері азаматтарға аудио немесе видеоқоңырау шалмайтынын, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін, ақша аударымдары, инвестиция және сақтандыру өнімдерін ұсынбайтынын ескертеді.
Алаяқтық әрекетке тап болғандар құқық қорғау органдарына шағымдана алады. Қосымша кеңес алу үшін 1477 нөміріндегі Ұлттық Банк байланыс орталығына қоңырау шалуға болады.
Материал Informburo.kz сайтынан алынды.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через