фото: Қуыршақ театры
Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесін алғаш рет қуыршақ бейнесінде сахналап, көрермен назарына ұсынады.
Халық сүйіспеншілігіне бөленген Қожа бейнесі енді қуыршақ өнерінің тілімен жаңаша түрленіп, балалық шақтың қиял мен күлкіге толы әлемін сахна төріне алып шығады.
Қойылымның режиссері Еркебұлан Қабдыл классикалық шығарманың рухын сақтай отырып, оны бүгінгі ұрпаққа заманауи, жеңіл әрі әсерлі түрде жеткізуді көздейді. Ал инсценировка авторы Дамир Амантай Қожаның ішкі әлемін қуыршақ театрының поэтикалық мүмкіндіктерімен ұштастырып, көрерменге жаңа көркемдік тыныс сыйлайды.
Сахналық шешім мен қуыршақ бейнелерін жасаған суретші Юлия Чернова қазақ ауылының бояуын, мектеп өмірінің естелігін және Қожаның еркін мінезін көркем сахна тілімен өрнектеген. Музыкалық әрлеуді Нұрсұлтан Төреәли орындаса, көріністердің би қимылдарын Ринат Билибаев сахналық ырғақпен үйлестіріп толықтырған.
Бұл премьера – театрдың мерейлі 90-маусымындағы маңызды оқиғалардың бірі. Әдеби мұраны заманауи қуыршақ өнері арқылы қайта жаңғыртқан қойылым жас көрерменге ғана емес, үлкендерге де әсерлі болмақ. Өйткені әрбір ата-ана Қожаның бейнесінен өз балалық дәуренін, аңғалдық пен арманға толы сәттерін көре алады.
Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры Алмат Амангелді бұл жоба туралы былай дейді:
«Бердібек Соқпақбаевтың шығармасы – әр буынның жүрегіне жақын туынды. Біз осы рухани байлықты қуыршақ өнері арқылы жаңа буынға жеткізуді мақсат еттік. Бұл біздің мәдени мұраға деген құрметіміздің бір көрінісі».
Премьера күні: 13 қараша 2025 жыл
Басталуы: сағат 14:00
Өтетін орны: Мемлекеттік қуыршақ театры (Пушкин көшесі, 63.
Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через