Тамыр саулығы – өмір кепілі: Алматыда «Тромбоздар» халықаралық конференциясы өтті

Тамыр саулығы – өмір кепілі: Алматыда «Тромбоздар» халықаралық конференциясы өтті
фото: Ұлттық госпиталь

       Алматыдағы Президент Іс Басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде Дүниежүзілік тромбоз күніне орай «Тромбоздар» атты халықаралық конференция өтті. Бұл күн – тромбоз патофизиологиясының негізін қалаушы, әйгілі ғалым Рудольф Вирховтың туған күніне арналған маңызды дата.

      Бүгінде тромбоз – әлем бойынша өзекті мәселе. Әлемде жыл сайын шамамен 10 миллион адам тромбоэмболиялық ауруларға шалдығады. Әр 40 секунд сайын бір адам тромбоз салдарынан көз жұмады. Ал Қазақстанда жылына 5000-нан астам науқас осы дерттің әртүрлі түрімен медициналық көмекке жүгінеді.

       Ұлттық госпитал директоры, медицина ғылымдарының докторы Асхат Зинешұлы Бралов конференция барысында аурудың алдын алу мен дәрігерлік тәжірибенің сапасы жайында айтты:

       – «Тамырлық тромбоз – көбіне ауруханада жатқан немесе ауруханадан шыққаннан кейінгі үш айдың ішінде дамитын дерт. Мұндай жағдайлардың шамамен 20 пайызы ерекше бақылауды қажет етеді. Сондықтан әлемдік тәжірибеде дәрігерлік көмектің сапасы тромбоздың ауруханадан шыққаннан кейінгі жиілігіне қарап бағаланады. Бұл – профилактиканың, яғни алдын алудың маңызын айқындайды», – деді ол.

       Айта кетейік, Қазақстанда тромбоз туралы ақпараттандыру ісі он жыл бұрын дәл осы Ұлттық госпиталь қабырғасында бастау алған. Мұнда науқас ауруханаға түскен сәттен бастап тромбоз қаупін бағалаудың халықаралық жүйесі енгізілген. Дәрігерлер әр пациенттің жеке ерекшелігін ескере отырып тексеру жүргізеді және ем барысында мультидисциплинарлық тәсілді қолданады – яғни түрлі бағыттағы мамандар бірлесе жұмыс істейді.

Конференцияда мазмұнды баяндамалардың бірі ультрадыбыстық және функционалдық диагностика бөлімінің меңгерушісі, Қазақстанның жетекші маманы Людмила Бегалина тарапынан жасалды. Ол жүкті әйелдер арасындағы қауіп факторларына тоқталды:

       – «Жүкті әйелдер тәуекел тобына жатады, себебі олардың ағзасында анатомиялық және гемодинамикалық өзгерістер жүреді. Тамырлар кеңейіп, қысым артады. Сондықтан қауіптің алдын алу – басты міндет. Мұндай жағдайда допплерография әдісімен жүргізілетін қауіпсіз ультрадыбыстық зерттеу көмекке келеді. Дегенмен, анатомиялық өзгерістер мен шектеулі қолжетімділік кейде қиындық тудырады. Мұндай сәтте дәрігердің тәжірибесі мен дұрыс әдістемесі шешуші рөл атқарады», – деді ол.

       Конференция аясында мамандар тромбозды ерте анықтау мен оның алдын алу бойынша халықаралық тәжірибелермен бөлісіп, заманауи диагностикалық әдістердің тиімділігін талқылады.

      Дүниежүзілік тромбоз күні – тек медицина саласы үшін емес, бүкіл қоғам үшін маңызды. Себебі тамыр саулығы – адам өмірінің кепілі. Ал мұндай кездесулер дәрігерлердің кәсіби тәжірибесін арттырып, халық денсаулығын қорғауда үлкен рөл атқарады.

 Полина Шиманская, журналист