Сүт безінің қатерлі ісігі: Әр әйел білуге тиіс маңызды ақпарат

Сүт безінің қатерлі ісігі: Әр әйел білуге тиіс маңызды ақпарат
фото: National Hospital kz

Сүт безінің қатерлі ісігі — әйелдер арасында ең жиі кездесетін қатерлі ісік түрі. Бұл дерт сүт безінің бездік тінінен дамиды және көбінесе баяу, білінбей басталады. Өкінішке қарай, ауру кеш анықталған жағдайда өлім-жітім деңгейі жоғары болып отыр.

Дүниежүзілік деректерге сүйенсек, әрбір он әйелдің бірі осы ауруға шалдығады. Ал Қазақстанда жыл сайын шамамен 5 мыңға жуық жаңа жағдай тіркеледі, олардың мыңнан астамы қайғылы аяқталады.

Қатерге кімдер бейім?

Сүт безі қатерлі ісігінің даму қаупін арттыратын бірқатар факторлар бар:
    •    Туыстарында (ана, әпке, әже) сүт безі немесе аналық без обыры болған;
    •    Гормондық теңгерімсіздік, етеккірдің ерте келуі немесе менопаузаның кеш басталуы;
    •    Бала тумау немесе жиі түсік жасату;
    •    Артық салмақ пен семіздік;
    •    Қимылсыз өмір салты;
    •    Темекі шегу, ішімдік ішу, нашақорлық сияқты зиянды әдеттер;
    •    BRCA1 және BRCA2 гендеріндегі тұқым қуалайтын өзгерістер;
    •    Қауіпті өндірістік ортада жұмыс істеу.

Ауру белгілерін ерте тану маңызды

Сүт безінің қатерлі ісігі көбіне алғашқы сатысында ешқандай ауырсыну туғызбайды. Сондықтан әйел өз денесін жақсы танып, кез келген өзгерісті байқап жүруі керек.

Назар аудару қажет белгілер:
    •    Кеудеде түйін, қатпар немесе дөңестің пайда болуы;
    •    Сүт безінің пішіні мен көлемінің өзгеруі;
    •    Терінің тартылуы, «лимон қабығы» тәрізді өзгеріс, қызару немесе шұңқырлану;
    •    Емізіктің ішке тартылуы немесе пішінінің өзгеруі;
    •    Емізіктен қан немесе сұйықтық ағуы;
    •    Қолтық астында ісіну немесе түйін байқалуы.

Мұндай белгілердің бірі анықталса, дәрігер-маммологқа дереу қаралу қажет.

Диагностика және скрининг

Қазақстанда 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер мемлекеттік тегін скринингтік бағдарлама арқылы сүт безі обырына тексеруден өте алады. Бұл дертті ерте анықтаудың ең тиімді жолы. Ерте сатысында анықталған қатерлі ісік 95% жағдайда емделеді.

Негізгі тексеру әдістері:
    •    Маммография – 40 жастан асқан әйелдерге екі жылда бір рет жасалады;
    •    Ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) – 35 жасқа дейінгі әйелдер үшін қолайлы;
    •    Биопсия – диагнозды нақтылау үшін тін үлгісін зерттеу;
    •    Ісік маркерлеріне арналған қан талдауы.

Өзіңді өзің тексеру – әр әйелдің әдетіне айналуы тиіс

20 жастан асқан әрбір әйел ай сайын өз кеудесін тексеріп тұруы қажет. Етеккір аяқталғаннан кейін 7–10 күн өткен соң тексеру ең дұрыс кезең болып саналады.

Өзін-өзі тексеру кезеңдері:
    1.    Іш киімде сұйықтық не дақ бар-жоғын байқаңыз;
    2.    Айна алдында тұрып, кеуденің пішіні мен симметриясын бақылаңыз;
    3.    Терідегі өзгерістерге мән беріңіз;
    4.    Тік тұрған күйде саусақпен ақырын басып тексеріңіз;
    5.    Жатып тексеру кезінде кеуде мен қолтық аймағын мұқият сипалаңыз;
    6.    Емізікті ақырын басып, ағу немесе ауырсыну бар-жоғын тексеріңіз.

Кез келген күмәнді өзгеріс байқалса, өз бетіңізше қорытынды жасамай, маммологтың қабылдауына барыңыз.

Қазіргі емдеу тәсілдері

Сүт безінің қатерлі ісігін емдеу кешенді түрде жүргізіледі:
    •    Хирургиялық жолмен ісікті алып тастау;
    •    Сәулелік терапия;
    •    Химиотерапия;
    •    Гормондық және мақсатты терапия;
    •    Иммунотерапия.

Заманауи медицина ерте кезеңде анықталған ісікті толық емдеуге мүмкіндік береді.

 Алдын алу – өз қолыңызда

Аурудың алдын алу емдеуден әлдеқайда жеңіл. Әр әйел төмендегі қарапайым қағидаларды есте сақтауы керек:
    •    Жылына кемінде бір рет маммолог пен гинекологқа қаралу;
    •    Скринингтен уақытылы өту;
    •    Дұрыс тамақтану, белсенді өмір салтын ұстану;
    •    Темекі мен ішімдікке жол бермеу;
    •    Салмақты қалыпты деңгейде ұстау.

Қорытынды

Сүт безінің қатерлі ісігі – үкім емес.
Ең бастысы – дер кезінде анықтау және маманның көмегіне жүгіну. Ерте тексерілген әр әйел өз өмірін сақтап қала алады.

Флюра Смайлова, Ұлттық госпитальдің салауатты өмір салты дәрігері

Standard.kz