фото: https://pixabay.com/ru/
Қазір бүкіл әлемде криптовалюта кеңінен таралып келеді. Бірақ көпшілік оның ішкі құрылымын, түрлерін және айырмашылығын толық түсіне бермейді. Сол себепті сарапшылар арасында жиі айтылатын «стейблкоин» ұғымы көп адамға әлі де түсініксіз, деп жазады Ozgeris.info.
Бұл да криптовалюта, бірақ өзгелерінен айырмашылығы бар. Оның басты ерекшелігі – бағасының тұрақтылығында. Егер биткоин немесе эфир сияқты танымал монеталар күн сайын құбылмалы бағамен сатылса, стейблкоин керісінше тұрақты деңгейде сақталады. Өйткені ол нақты ақшаға байланған. Мысалы, бір стейблкоин әрқашан бір доллар немесе бір теңгеге тең болып қалады.
«Wise Invest Consulting» крипто компаниясының басшысы Темірлан Нұрахимов бұл туралы былай деді:
«Стейблкоин – қарапайым халыққа цифрлық қаржы әлеміне қауіпсіз енуге мүмкіндік беретін құрал. Ол кәдімгі ақшамен байланыста болғандықтан сенімді. Әр монетаның артында нақты актив, нақты доллар немесе теңге тұрады. Сондықтан адам өз жинағын жоғалтып аламын деп қорықпайды. Бұл жүйе бос цифр емес, нақты экономикамен тығыз байланысты».
Әлемде мұндай тұрақты монеталардың ең танымал түрлері USDT және USDC деп аталады. Екеуінің де бағасы нақты доллармен қамтамасыз етілген. Мысалы, USDT монетасын шығаратын компания әрбір монетаға қарсы нақты доллар мен бағалы қағаздарды резервте ұстайды. Ал АҚШ-та жасалған USDC жобасы ай сайын аудит өткізіп, халыққа есеп береді. Бұл ашықтық пен сенім қалыптастырудың тиімді тәсілі.
Сарапшымыздың айтуынша, Қазақстан да бұл үрдістен шет қалмады. Кейінгі уақытта елде теңгеге байланған ұлттық стейблкоин пайда болды. Оның атауы EVO. Бұл жобаны Intebix криптобиржасы мен Еуразиялық банк бірігіп іске асырып отыр. Қазір EVO арнайы сынақ алаңында тексеріліп жатыр.
«EVO – Қазақстанның цифрлық экономикадағы маңызды қадамы. Бұл біздің қаржы жүйеміздің жаңа кезеңге аяқ басқанының белгісі. Теңгеге байланған мұндай актив халыққа өз ақшасын тез, тиімді және қауіпсіз басқаруға мүмкіндік береді. Мұндай технологияны дамыту елдің экономикалық дербестігін күшейтеді», дейді ол.
Көпшілік үшін стейблкоиннің басты артықшылығы – қарапайымдық пен ыңғайлылық. Егер адам өз жинағын доллармен ұстаса, оны USDT түрінде сақтай алады. Бағасы өзгермейді, инфляция әсер етпейді. Бұл ақшаны қорғаудың тиімді тәсіліне айналып отыр.
Тағы бір пайдасы – жылдамдық. Банк арқылы ақша жіберу кейде ұзақ уақыт алады. Ал стейблкоин арқылы ақша бірнеше минутта жетеді. Комиссиясы да аз. Бұл әсіресе шетелмен жұмыс істейтін адамдарға тиімді. Фрилансерлер үшін де үлкен көмек. Қазір көптеген қазақстандықтар шетелдік компаниялармен жұмыс істейді. Олар табысын USDT немесе USDC арқылы оңай алады. Бұл жүйе банктегі артық рәсімдер мен тексерістерден босатады.
Сарапшы сөзінше, EVO валютасы ел ішінде теңгені цифрлық түрде жіберуге мүмкіндік береді. Бұл ауылдық жерлерде тұратын адамдарға ыңғайлы шешім. Кей ауылдарда банк бөлімшелері жоқ, ал EVO тек телефон арқылы жұмыс істейді.
Мысалы, шетелде оқып жүрген студентке ата-анасы EVO немесе USDT арқылы ақша жібереді. Ақша сол сәтте түседі. Немесе кәсіпкер Қытайдан тауар сатып алып, банк арқылы ұзақ рәсімдемей жеткізушіге USDT жібереді.
Темірлан Нұрахимов бұл технологияның қоғамға әкелетін өзгерісі туралы да айтып өтті:
«Стейблкоин – қаржы мәдениетін жаңаша қалыптастыратын құрал. Ол адамдарды қолма-қол ақша мен дәстүрлі банктік шектеулерден босатады. Қарапайым адам үшін бұл еркіндік сезімімен тең. Өйткені ол өз ақшасын қалаған жерде, қалаған уақытта пайдалана алады. Цифрлық қаржы болашақта өмірдің ажырамас бөлігіне айналады. Біз дүкенде төлем жасап, коммуналдық қызметке ақша аударғанда цифрлық теңге қолданатын күн алыс емес».
Болашақта мұндай активтер халықаралық төлемдерге де жол ашады. Шекарадан ақша аудару жеңілдейді, айырбастау рәсімдері қысқарады. Экономика ашық әрі мобильді бола түседі. Қорытындылай айтқанда, стейблкоин – қарапайым халық үшін цифрлық дәуірге бейімделудің нақты жолы. Ол инфляциядан қорғайды, төлемді жеңілдетеді және шынайы қаржылық тұрақтылық сыйлайды.
Темірлан Нұрахимовтың сөзімен түйіндесек:
«Цифрлық ақша – бұл сән емес, бұл болашақ. Әлем сол бағытқа кетіп барады. Сондықтан біздің халық та осы үрдіске ерте қосылғаны дұрыс. Қазір үйреніп, түсініп, пайдалана бастаған адам ертең ұтады. Ал стейблкоин – сол болашаққа апаратын ең қауіпсіз көпір».
Дерек көзі: https://ozgeris.info/kz
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через