фото: pixabay.com
Репродуктивті медицина - бедеулік пен түсік тастауды диагностикалауға, емдеуге және алдын алуға бағытталған кейінгі жылдары қолға алынған, бірақ қарқынды дамып келе жатқан медицина саласы. Ол технологиялық мүмкіндіктердің арқасында жаңа жетістіктерге тез қол жеткізуде және гинекология, андрология, эмбриология, генетика, эндокринология және басқа да мамандықтарды біріктіретін сала, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.
Қазақстандағы алғашқы «құтыдан шыққан бала» авторы, өз саласының үздігі, репродуктолог Салтанат Байқошқарованың айтуынша, Қазақстанда экстракорпоралды ұрықтандыру әдісін қолдану көрсеткіштері әлемдік деңгейден кем емес, ал мыңдаған отбасы үшін бұл әдіс - үміт пен аналық қуаныштың кілті, деп жазды kaz.inform.kz.
Назарларыңызға Салтанат Байқошқаровамен болған сұхбаттың қысқартылған нұсқасын ұсынамыз.
Фото: ecomed.kz/kaz.inform.kz.
-Қазақ қоғамында «жеті ата» ұғымы бар. Репродуктологтер бұл туралы не дейді? Жалпы, донор туралы мағлұматтарда не қамтылады және руы көрсетіле ме?
- Қазақстанда донор ер адамдардың ұрығын қолдану жағдайлары өте сирек кездеседі. Бірақ қолданылған жағдайда, әр донор туралы негізгі мәліметтер - ұлты, білімі, сыртқы белгілері және денсаулық жағдайы міндетті түрде сұралады және тіркеледі.
Біздің елде донорлық үдеріс анонимді түрде жүзеге асады, яғни донор мен реципиент бір-бірін танымайды. Бұл халықаралық тәжірибеге сай келеді. Алайда, бір қиындық бар - қолданыстағы нормативтік құжаттарда донордың тегін немесе шыққан тектерін генетикалық тұрғыда тексеру туралы нақты талап жоқ. Дегенмен, клиникаларда мамандар бұл мәселеге барынша жауапкершілікпен қарайды. Донорлармен ауызша сұхбат жүргізіліп, олардың тегі мен шыққан ортасы туралы мәліметтер тіркеліп отырады. Сонымен қатар, генетикалық кариотип талдауы міндетті түрде жасалады, бұл арқылы ұрықтың тұқым қуалайтын аурулардан таза екендігі тексеріледі. Осылайша, әр пациенттің талабына сай, қауіпсіздік пен сапа сақталып, барлық процесс Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтары мен ережелеріне сәйкес жүргізіледі.
- Ал эмбриондарды сақтау және жою мәселесі қалай реттелген? Бұл мүмкіндік елімізде қаншалықты сұраныста?
- Пациенттер ЭКҰ бағдарламасына келген кезде аналық бездерді стимуляциялау барысында бірнеше аналық жасуша түзіледі. Әсіресе, жас әйелдерде немесе поликистоз синдромы бар пациенттерде бұл көрсеткіш жоғары болады. Нәтижесінде бір ЭКҰ циклінен бірнеше эмбрион алынады. Көп жағдайда әйел алғашқы эмбрионнан бала көтеріп, дүниеге әкеледі, ал қалған эмбриондар криоконсервация әдісімен қатырылып сақталады. Кейіннен ол әйел тағы да бала көтергісі келмеуі мүмкін, ал эмбриондар сақталып қалады. «Осындай жағдайда қатырылған эмбриондарды не істеу керек?» деген сұрақ туындайды. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу үшін, пациент пен клиника ЭКҰ басталар алдында арнайы келісімшартқа отырады. Онда артық эмбриондарды сақтау мерзімі, сақтау шарттары және сақтау уақыты аяқталған соң не істеу керектігі (мысалы, жою немесе сақтау мерзімін ұзарту) нақты көрсетіледі.
- Ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда эмбрионға меншік құқығы кімге тиесілі болады?
- Иә, кейде өмірде күтпеген жағдайлар болады. Жұбайлардың бірі қайтыс болуы немесе ажырасу сияқты оқиғалар кездеседі. Осындайда қатырылған эмбриондардың тағдыры - күрделі әрі сезімтал мәселе. Мұндай жағдайлардың барлығы ЭКҰ бағдарламасы басталар алдында жасалатын келісімшартта нақты жазылады. Онда: «Егер жұбайлардың бірі өмірден өтсе немесе ажырасса, эмбриондардың тағдырын кім шешеді?» деген сұрақтарға нақты жауап көрсетіледі. Мысалы, ажырасқан жағдайда әйел адам өз бетімен эмбрионды салып ала алмайды. Себебі, заң бойынша бұрынғы күйеуінің нотариалды түрде берілген рұқсаты қажет. Егер ол рұқсат бермесе, эмбрион жоюға жіберіледі. Ал егер тараптар арасында дау туындаса, мәселе сот арқылы шешіледі.
- Қазақстанда суррогат ана болудың заңдық, этикалық шекаралары дұрыс қалыптасқан ба? Коммерциялық суррогат ана болуға рұқсат берудің қандай қауіптері бар?
- Суррогат ана болу елімізде заң жүзінде толықтай реттелген. Дегенмен әрбір жағдайда тапсырыс беруші жұп пен суррогат ананың арасында жеке келісімшарт жасалады. Бұл тікелей өзара немесе арнайы агенттік арқылы жүзеге асады. Барлық құқықтық және қаржылық шарттарды нотариус пен заңгерлердің қатысуымен агенттік тараптар келісіп шешеді. Сондықтан медицина қызметкерлері бұл процесстің тек медициналық және биологиялық жағына ғана жауап береді. Біз тек жұбайлар мен суррогат ананың арасында келісімшартқа қол қойылып, барлық құқықтық рәсімдер аяқталған соң ғана медициналық кезеңге көшеміз.
Келісімшартта тараптардың барлық міндеттері мен құқықтары, төлемнің көлемі мен тәртібі, күтпеген медициналық қиындықтар туындаған кездегі жауапкершілік - барлығы нақты көрсетіледі. Көп жағдайда коммерциялық негізде жасалады. Этикалық тұрғыдан алғанда, суррогат ана болу - әр адамның жеке таңдауы. Әдетте әйелдер мұндай қадамға қажеттіліктен, белгілі бір қаржылық немесе өмірлік жағдайды шешу үшін барады. Сондықтан мен бұл әрекетті айыптай да, ақтай да алмаймын. Бұл - әркімнің жеке шешімі.
- Қоғамда ЭКҰ-мен туған балаларға қатысты стигма немесе қате түсініктер әлі де бар сияқты, осы орайда не айтар едіңіз?
- Біздің қоғамда, өкінішке қарай, көптеген мәселеге қатысты стигма әлі де бар. Көпшілік біреудің жеке өмірін талқылап, өсекке айналдыруға бейім. Сол себепті адамдар «халық не дейді, ұят болады» деген ұғыммен өмір сүруге дағдыланып қалған. Мұндай көзқарас бедеулік немесе ЭКҰ сияқты тақырыптарда да байқалады. Көпшілік қорқады, жасырады, өйткені біреу намысына тиетін сөз айтып қалуы мүмкін. «Балаға көз тиеді, сөз тиеді» деп сенетіндер бар. Бұл - біздің қоғамның қалыптасқан психологиясы.
Дүниежүзінің өркениетті елдерінде, мысалы, ЭКҰ немесе бала асырап алу ешкімнен жасырылмайды, тіпті қалыпты нәрсе саналады. Ал бізде әлі де ашық айтуға ұялатын, қоғамдық пікірден қысылатын жағдайлар көп. Дегенмен соңғы жылдары жастардың көзқарасы өзгеріп келеді. Бұрын мұндай нәрсе өте сирек кездессе, қазір ЭКҰ арқылы балалы болу қалыпты қабылдана бастады. Көптеген ата-ана бізге алғысын айтып, балаларымен бірге суретке түсіп, тіпті балалар күніне арналған мерекелерге қатысып, қуаныштарымен бөліседі. Бұл - өте маңызды өзгеріс. Өйткені мұндай ашық мысалдар басқаларға да үміт береді. Бала сүйе алмай жүрген көптеген жұп осындай оқиғаларды көріп, өздеріне психологиялық қолдау табады. Менің ойымша, дәл осы медициналық технологиялардың ең үлкен жетістігі - адамдарға тек бала емес, үміт пен сенім сыйлау.
- Павел Дуров 15 жыл бұрын донор болғанын, содан бері 12 елде 100-ден астам биологиялық баласы бар екенін айтқан еді. Бұл қоғамда қызу пікірталас тудырды. Бір донордың генетикалық ізі қандай болуы мүмкін?
- Қазір «Ресейде бір донордан туған балалардың саны жүзге дейін жетіп жатыр» деген ақпараттар жиі айтылады. Бұл, әрине, қоғамда түрлі пікір тудырып отыр. Ал Қазақстанда бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығымен нақты реттелген. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, бір донордан ең көбі он балаға дейін ғана дүниеге әкелуге рұқсат етіледі. Бұрын бұл көрсеткіш жиырма балаға дейін болған, алайда шамамен 5-6 жыл бұрын тиісті өзгерістер енгізіліп, шектеу күшейтілді. Бұл шешімнің қабылдануына бірнеше себеп бар. Ең бастысы - донорлық ұрықты іріктеу мен генетикалық талдау процесінің өте күрделі әрі жауапты болуы. Сондықтан мұндай шектеу этикалық және медициналық тұрғыдан орынды деп есептеледі.
Ал Ресейдегі жағдай басқа. Мысалы, Дуров сияқты жеке тұлғалардың өз бастамасымен жүздеген балаға дейін донорлық ұрық беруі - олардың елінің заңнамасы мен демографиялық саясатына байланысты. Ресей халқының саны көп болғандықтан, бұл көрсеткіш олар үшін айтарлықтай мәселе болмауы мүмкін. Бірақ ең бастысы - әр бала өзінің шығу тегін білуі керек. Егер ол ақпарат ашық болса, болашақта кездейсоқ генетикалық байланыс орнап кету қаупі төмендейді.
- Әлемде гендік инженерия, жасанды жатыр сияқты жаңа бағыттар талқыланып жатыр. Қазақстан бұл тұста трендте ме?
- Гендік инженерия - әлі де жетілу үстіндегі жаңа ғылым. Сондықтан бұл салада да түрлі пікір бар: оны қолдайтындар да, қарсы шығатындар да әр мемлекетте кездеседі. Қазіргі таңда мұндай зерттеулер мен тәжірибелерге барлық елдерде бірдей рұқсат берілмеген, тек кейбір мемлекеттерде ғана шектеулі деңгейде эксперимент жасауға мүмкіндік бар. Дегенмен менің ойымша, болашақта бұл бағытта үлкен өзгерістер болады.
Ғылымда бүгінде жасанды аналық және аталық ұрық жасау мүмкіндігі зерттеліп жатыр. Тіпті жасанды жатыр жасау идеясы да бар. Әзірге ол тек эксперимент деңгейінде, бірақ алдағы 20-30 жылда бұл бағытта нақты нәтижелерге жетуіміз әбден мүмкін. Өйткені бұдан 20-30 жыл бұрын интернет те, смартфон да болмаған. Ал бүгінде олар біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Сол сияқты, медицина мен биотехнология да қарқынды дамып келеді. Мысалы, бұрын онкологиялық ауруларды емдеу мүмкін емес саналса, қазір олардың көпшілігі ерте сатысында емделеді, яғни ғылым тоқтаусыз алға жылжып келеді. Бірақ, сонымен қатар, адам тек ғылымға сеніп отырмауы керек. «Кейін балалы болармын», «ақша табылып қалса, жасатармын» деген көзқарас дұрыс емес. Уақытында үйленіп, уақытында ұрпақ көру - табиғаттың заңы. Ал егер болашақ ата-аналар алдын ала медициналық және генетикалық тексерулерден өтіп, өздерінің қандай ауруларға бейім екенін білсе, бұл - дені сау бала дүниеге келу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.
Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через