"Мектептегі үзіліс уақытын 20 минутқа созу керек" дейді белсенді педагог

"Мектептегі үзіліс уақытын 20 минутқа созу керек" дейді белсенді педагог
фото: mel.fm

       Белсенді педагог Балжігіт Торыбай мектептегі оқушыларға берілетін үзіліске қатысты пікірін ортаға салып, министрден осы мәселені реттеуді сұрады.

       "Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова ханым, қазіргі кезде онша бір маңызды болып көрінбегенімен, мектептегі тәртіп мәселесіне әсер ететін маңызды бір мәселе бар!

       Қазіргі таңда жоғары сынып оқушылары үшін ең кемі 5 сабақ, ал кейбір кездерде 7 сабаққа дейін болатын жағдай өте көп.

       Қазіргі кездегі қоңырау кестесі 1,3,4,5,6 - сабақтардан кейінгі үзіліс 5 минут. Ал 2-сабақтан кейінгі үзіліс 10-ақ минут. Дәл сол 10 минутта білім алушылар асхана барып үлгермей, сабаққа кешігіп, одан әрі пән мұғалімінің жүйкесі құрып, жалпы сабақ процесіне өте қатты әсер ететін жағдайлар бар.

        Менің ұсынысым:

       1,4,5,6- сабақтардан кейін сол 5 минутты қалдырып, 2-сабақ және 3-сабақтан кейінгі қоңырауды 15 минуттан немесе 3-сабақтан кейін бір реттік 20 минут қоңырау берсеңіздер.

       Білім алушылар толық тамағын жеп, кішкене миын тынықтырып үлгерер еді. Қазіргі кезде 6 сабақтың уақыты 13:00-ге келіп, ары қарай келесі ауысымға дейін 30 минут бар. Егер соны жаңағы мен айтқан 3-сабақтан кейін 10 минут үстіне 10 минут қоссаңыз, сабақтан 13:10-да шығар еді.

       Аржағындағы 20 минут бірінші ауысымдағы білім алушылардың шығып, екінші ауысымдағы білім алушылар да кіріп үлгеретін еді.

       Ал сол 3-сабақтан кейінгі 20 минут кәдімгідей білім алушыларға пайдалы болары сөзсіз. Асханадан тамағын да жеп үлгереді, ары қарай қажеттерін де өтеп, сабаққа кешікпей келер еді.

       Ол әрине өз кезегінде тәртіпке және Ұстаздарымыздың эмоционалды және сабақ беру процесіне оң жағынан пайдалы болары сөзсіз.

       Бұл ұсынысымды 2025-2026 оқу жылының екінші жартысынан-ақ енгізіп жіберуге болатын, аса бір көп құжат өзгермейтін, тек бұйрығыңызбен шешілетін дүние деп ойлаймын"деп жазды Балжігіт Торыбай. 

       https://democrat.kz/kz