фото: https://pixabay.com/ru/users/geralt
Біз «салауатты өмір салты» дегенді жиі айтамыз. Бірақ бүгінгі таңда ол ұғым денсаулық туралы емес, сыртқы келбет жайлы болып кетті.
Біздің қоғам аурудың өзін емес, салмағын емдеп жүр.
Сұлулықтың жаңа диктатурасы
Бұрын әйелдер өзіне айна үшін ұнағысы келетін. Енді — камера үшін.
Инстаграм мен TikTok арық денені идеалға айналдырып, адамдарға: «жақсы көріну – жақсы болу» деген қате ойды сіңірді.Ең сорақысы — бұл мәдениет жасөспірімдерге де жұқты. Қыздар 14 жастан бастап өзін аштықпен «тәрбиелейді», ал ұлдар «арық қыз — сұлу қыз» деп қабылдайды. Сұлулық стандарттары енді эстетика емес — қысым құралы.
Диета – денсаулық емес, бизнес
Диетологтар, фитнес-блогерлер, биохакинг тренерлері – бәрі «сау өмір» ұранымен миллиардтаған индустрия жасап алды.Бірақ олардың көпшілігі денені емес, қорқынышты сатып жатыр:«Артық салмақ – сені ұсқынсыз етеді». «Тәтті жесең – әлсізсің».«Жемесең – жеңесің».Нәтижесінде адамдар салмақ жоғалтпайды, өз-өзіне деген сенімін жоғалтады.
Килограмм – құндылық өлшемі ме?
Қазір адамды біліммен, мінезбен емес, килограмммен бағалайтын заман келді.Қоғамдық пікірдің таразысына шыққан әр дене «талқылау объектісіне» айналады:– «Арықтапсың, жарайсың!» – «Толысып кетіпсің, не болды?» Мұндай сөздердің астарында – «сенің денең менікі емес» деген үстемдік бар. Бірақ дене — біздің меншігіміз емес, біздің үйіміз. Оған қиянат жасау – өзіңе жасалған зорлықтың ең нәзік түрі.
Аштық – жаңа тәуелділік
Адам денесін емес, миын аштыққа үйретіп алды.Көпшілік үшін «тамақтан бас тарту» – ерік-жігердің емес, қорқыныштың көрінісі. Қорқыныш — семіруден. Қорқыныш — ұнамаудан. Қорқыныш — қабылданбаудан. Бірақ арықтық ешқашан махаббат әкелмейді. Егер сен өз денеңді жек көрсең,оны өзгелер қалай жақсы көрсін?
Нағыз сұлулық
Нағыз сұлулық – өлшемде емес, үйлесімде.Тар бел емес, кең жүрек.Жұмсақ мүсін емес, берік сана. Нағыз денсаулық – аш қарында емес, тыныш ойда. Бәлкім, салауатты өмір салтын бастау үшін алдымен таразыдан емес, айна алдындағы өзімізден кешірім сұрау керек шығар…
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через