фото: Eskhat Kairatuly Toybayev
Өрттің зақымын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бір сәттік бейқамдық талай жанды орны толмас өкінішке душар етуі ғажап емес. Сондықтан өрттен сақтану ғана емес, оның алдын алу – әрбір азаматтың басты міндеті. Бұл қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған жандардың бірі – өрт қауіпсіздігі саласының білікті маманы, Ұлттық госпитальдің қызметкері Есхат Қайратұлы Тойбаев.
Есхаттың мамандыққа адалдығы мен таңдаған жолына деген ықыласы студенттік шағынан бастау алады. Ол 2010–2014 жылдары Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» мамандығы бойынша білім алып, алғашқы еңбек жолын «Қалақұрылысы және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бастайды. Қала құрылысындағы еңбек тәжірибесі кейін оны Алматы қаласы Алмалы ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің өрт қауіпсіздігі инженері қызметіне жетелейді.
Аз уақыт ішінде кәсіби тұрғыда шыңдалып үлгерген ол 2019 жылдан бері ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісімен айналысып келеді.
– «Аурухана – адамдардың өміріне араша болатын киелі орын. Мұндағы қауіпсіздік – тек қызметкерлердің емес, ең алдымен, емделушілердің тағдыры. Сондықтан біз жыл сайын Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп оқу-жаттығулар өткіземіз. Қызметкерлер дабыл қоңырауы іске қосылған жағдайда дүрбелеңге берілмей, науқастарды аман-есен сыртқа шығаруды, өрт сөндіру құралдарын дұрыс пайдалануды тәжірибеде үйренеді. Басты мақсат – адам өмірін құтқару», – дейді Есхат Қайратұлы.
Оқу-жаттығулар шынайы түрде ұйымдастырылатындықтан, оның нәтижесі де айтарлықтай. Қызметкерлер өртті сөндіру дағдыларын меңгеріп қана қоймай, ең бастысы – қауіптің алдын алу мәдениетіне ден қояды.
Өрт сөндіруші мамандық – қиын да қатерлі еңбек. Бірақ бұл жолды таңдағандар үшін басты мұрат – адамның өмірін сақтау.
– «Биыл – жұмысшы мамандықтар жылы. Өрт қауіпсіздігі саласындағы еңбекті бағалау – азаматтық парыз. Қиындыққа қарамастан, біз үшін ең биік мәртебе – адам өмірін қорғау. Мен үшін мамандығым – мақтаныш», – дейді Есхат Тойбаев.
Оның сөзінен өрге ұмтылған қайсар мінез де, өз ісіне деген айрықша құрмет те айқын аңғарылады. Өмірін өзгелердің амандығына арнаған мұндай азаматтар – қоғамның шынайы тірегі.
Жазира Зәкірқызы, Ұлттық госпитальдің маркетинг және қоғаммен байланыс бөлімінің журналисі.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через