фото: Сауда және интеграция министрлігі/kaz.inform.kz
Тұтынушылар үшін қауіп төндіретін тұрмыстық техникалар анықталып, еліміз аумағынан шығарылды. Сапасыз өнімдер Техникалық реттеу және метрология комитеті жүргізген жұмыстары нәтижесінде анықталды, деп хабарлады kaz.inform.kz.
Бақылау барысында үстел үстіне арналған электр плитасына ұсынылған сәйкестік декларациялары бойынша өнімді әкелу кезінде заң бұзу анықталды.
— Зертханалық сынақтардан кейін аталған электр плитасының номиналды қуаты 3500 Вт деп көрсетілгенімен, нақты қуаты небәрі 1960 Вт болғаны анықталды, бұл нормадан шамамен 44% төмен. Сонымен қатар, айнымалы ток қуат порттарының параметрлері бойынша сәйкессіздіктер тіркелді. Тұтынушылар үшін мемлекеттік тілде ақпараттың болмауы да тағы бір бұзушылық ретінде белгіленді, — делінген Сауда және интеграция министрлігінің хабарламасында.
Мұндай ауытқулар Кеден одағының техникалық регламенті талаптарын бұзып қана қоймай, тұтынушылардың құқықтарын бұзып, нақты қауіп төндіреді.
- Құрылғының тұрақсыз жұмысы ішкі элементтердің қызып кетуіне, істен шығуына және тіпті өртке әкелуі мүмкін. Бұл әсіресе құрылғыны максималды жүктемеде ұзақ уақыт пайдаланған кезде аса қауіпті, — делінген Сауда және интеграция министрлігінің хабарламасында.
Нәтижесінде сәйкестік бағалау құжаттарына шаралар қабылданып, сәйкестік декларациясының күші тоқтатылды. Импорттаушы сапасыз электр плиталарын (1002 дана) өндірушіге қайтарды, осылайша олардың Қазақстан Республикасы аумағында таралуына жол берілмеді.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через