28 млрд теңгедей қаражат көлеңкелі экономикадан шығарылды

28 млрд теңгедей қаражат көлеңкелі экономикадан шығарылды
фото: Қазақстан Премьер министрінің арнайы сайты

Енгізілген шешімдердің жалпы тиімділігі 51,3 млрд теңгені құрады

2021 жылдан бастап жүргізіліп келе жатқан ауқымды цифрлық трансформация министрліктерде мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға және әкімшілік пен сыбайлас жемқорлық кедергілерді азайтуға ықпал етті, деп хабарлады үкімет.

Бұл көлеңкелі экономикадан 28 млрд теңгеден астам қаражатты шығарып, 13 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді. Енгізілген шешімдердің жалпы тиімділігі 51,3 млрд теңгені құрады.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімі 20 есеге қысқарды. Сыбайлас жемқорлық және әкімшілік кедергілер төмендеді.

"Қазақстан цифрландыру бойынша әлемдегі 193 елдің ішінде 24-орында тұр. Ал онлайн қызметтер индексі бойынша топ он елге кіреді. Қазір мемлекеттік қызметтердің 92%-ын онлайн алуға болады", — деді цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Үкімет хабарлауынша, салаларды цифрлық трансформациялау аясында QazTech ұлттық платформасы әзірленді, ол цифрлық өнімдерді жедел жасауға арналған. Бұл модель жаңа ІТ-шешімдерді енгізу мерзімін 1,5–3 жылдан 6 айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда QazTech платформасында мемлекеттік органдардың бірыңғай интернет-порталы, Smart Bridge, Ұлттық экологиялық деректер қоры жұмыс істеп тұр.

ҚазАқпарат