Қазақстанда 72 мыңнан астам жалғызбасты әке бар

Қазақстанда 72 мыңнан астам жалғызбасты әке бар
фото: pixabay.com

Балаларды жалғыз өсіруге мәжбүр болған ер азаматтардың әңгімелері бір-біріне ұқсас. Күтпеген жерден жұбайы қайтыс болады, не зинақорлыққа барады, соның салдарынан әйел балаларын әкесімен қалдырды. Шын мәнінде жалғызбасты әке атанады. Егер бір немесе бірнеше баласы бар, жұбайы қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен, ата-ана құқығынан айырылған, ұзақ уақыт емдеу мекемесінде жатқан, ажырасу кезінде балаларын әкесіне қалдырған немесе жұбайы бас бостандығынан айыру орындарында отырған ер адам жалғызбасты әке деп танылады.

Мұндай жағдайға тап болған көптеген ер адамдар мойындағандай, тағдыр тауқыметін бастан кешіп отырған ер кісі бұл жағдайдан кейін өмірге басқаша қарай бастайды. Егер бұрын әйелі үйдегі көптеген міндетті атқарса, енді тамақ пісіріп, үй тазалау, бәрі ер адамға жүктеледі. Мұнымен қатар, ол үйдегі жұмысты да, табыс тауып отырған жұмысын да қатар алып жүруге тырысуы керек. Біздің елде мұндай жағдайда еркектерді аяу әдетке айналған, бірақ шындықты қарасақ, елдегі әйелдердің жартысынан көбі осылай өмір сүреді. 

Бүгінгі таңда Қазақстанда қанша жалғызбасты әке тұратынын нақты анықтау қиын, бірақ Статистика комитетінің мәліметінше, соңғы санақ бойынша елімізде балаларды өз бетінше тәрбиелеп отырған 70 мыңнан астам ер адам бар екен. 

Қоғамда жалғызбасты аналардың тағдыры жиі айтылады. Дәл сол тағдырдың тауқыметін үнсіз арқалап, баласын жалғыз өсіріп отырған әкелер ше? Олардың күн көрісі мен күресі көлеңкеде қалып қойған жоқ па? 

Бүгінде Қазақстанда жалғызбасты әкелердің саны 72 мыңнан асады, деп жазды qazaqstan.tv. 

Ерлан мүгедектігі бар балаларына берілетін әлеуметтік көмек пен қамқоршыға берілетін төлемге күн көріп отыр. Өзі жұмыс істейін десе, ерекше күтімді қажет ететін қыздарына қарайласар ешкім жоқ. Тұңғышы 16 жаста, колледжде оқиды. Ал кенже қызы 13-те, арнайы мектепте білім алады. Әйелі екеуінің жолы екіге айырылған соң, балалар әкесінің қамқорлығында қалған. 11 жыл бойы қыздарына әке де, ана да болып келе жатыр. 

Ерлан Сәрсенов, қала тұрғыны:

Қыз балалар әкеге жақын болады дейді ғой. Сол шын нәрсе. Қыздар әкесіне бауыр басып тұрады. Қуыршақтардың киімін тігіп беремін. Асығып жатсам шұлықтан бірдеңе істей саламын, бас киімнен кесіп істеп беремін, соған мәз болып отырады.

5 жыл бұрын Атыраудан елордаға ем іздеп келген отбасы қазір үй жалдап тұрады. Сондықтан да тіркеуге отыра алмай жүр. 

Ерлан Сәрсенов, қала тұрғыны: 

Тұрғын үй кезегіне тұрғым келді, 3 жыл тұрғылықты жер бойынша тіркеу керек деді. Анау деді, мынау деді. Сонымен тұра алмадым. Жалғыз басты әкелер деген мүлдем қаралмаған ғой. Жалғыз басты әйелдерге көп жағдай бар. Ал жалғыз басты әке деген мүлдем жоқ. 

Мұның себебін мамандар балаларын өзі ғана тәрбиелеп отырған әкелер өз мәселелерін көп айта бермейді деп түсіндірді. 

Мақсұтбек Айтмағанбет, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Санақ бойынша 670 мыңнан астам жалғызбасты ана болса, 72 мыңнан астам жалғызбасты әке бар. Бізге жалғызбасты әкелер біздің проблемамызды шешіңдер, көмектесіңдер деп келіп жатқан жоқ. Олар мүлдем келмейді де. Біздің ұсынысымыз, мұндай кездерде мемлекеттің өзі де, жергілікті атқару органдары да проактивті болу керек. Бізден не көмек керек деп мемлекет келу керек. 

Төзімнің таяғына таянған Ерлан тағдырдың жазғанына көнген. Ол көзінің қарашығындай қыздары үшін өмір сүреді, күреседі. 

Ерлан Сәрсенов, қала тұрғыны: 

Басқа берген соң көтересің ғой, қалыптасып кеттік. Балаларым емделіп кетіп, аяққа тұрып кетсе деп ойлаймын.

Материал qazaqstan.tv сайтынан алынды.