фото: smi24.kz
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Ата-аналар базар мен дүкендерде табан тоздырып, перзенттерін 1 қыркүйекке дайындап әлек. Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, биыл қымбаттаған тауар – балалардың аяқ киімі. Бұл туралы «Сапалы Қазақстан» порталы almaty.tv сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жылда асыға күтетін жазғы демалыстың бітуіне небәрі 10 күн ғана қалды. Балалар ұзақ демалыстан кейін 9 айлық оқуға дайындалып жатыр. Базарлар мен дүкендерде адам лық толы, онлайн сауда жасап отырғандардың да дәурені жүріп тұр. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, биыл мектеп формасының құны 9,8 пайызға өскен. Ал аяқ киімдердің бағасы 13,6 процентке дейін көтерілген. Былтыр бір туфлидің бағасы орташа есеппен 15 мың теңге болса, биыл 17 мың теңгеге сатып аласыз. Қымбатшылық кеңсе тауарларын да айналып өтпеген сыңайлы. Алайда өсім көп емес, бар болғаны 2,9 пайыз өскен. Ата-аналарда «киімді қай жерден тиімді бағамен алған дұрыс?» деген сауал туындайтыны жасырын емес. Сол себепті ең қажет деген заттардың бағасын екі санатқа – онлайн мен офлайн саудаға бөліп қарастырсақ.
Қыз балалар киетін жейде, белдемше, сарафан, шалбар, спорт формасы секілді тауарларды ірі сауда желілерінен немесе базардан қарастырсаңыз, 112 мың теңгенің төңірегінде қаражат жұмсайсыз. Дәл осы тауарларды маркетплейстерден онлайн тапсырыс берсеңіз 122,6 мың теңгеге шығады. Сонымен қатар құны 11 мың теңгенің айналасындағы ортопедиялық арқалығы бар мектеп сөмкесі де отбасылық бюджетке салмақ түсіреді. Ал ұлдарға қыздарға қарағанда көбірек қаражат кетеді екен. Мәселен, балаңызбен дүкенге немесе базарға барсаңыз, киім-кешегі мен қажет жабдықтарына 120 мың теңгедей жұмсауға тура келеді. Ал маркетплейстерде 143 мыңнан асып кетеді. Неге десеңіз, ер балалар үшін міндетті болып саналатын пенжектің өзі 18 мың мен 23 мың теңгенің арасында сатылып жатыр. Осылайша, мектепке дайындыққа кететін жалпы шығын көлемі 112 мың мен 143 мың теңгені құрап отыр. Сондықтан онлайн тапсырысқа қарағанда дүкен мен базарға барған тиімдірек болып тұр.
Айта кетейік, талдау барысында орта баға сегментіндегі сенімді брендтерді ғана есепке алдық. Алайда бұл шекті сома емес. Оған 1 қыркүйекте мұғалімге сатып алынатын гүл шоғының құнын қосыңыз, ол кем дегенде 5 мың теңге. Сондай-ақ сынып қоры үшін жиналатын ақша тағы бар. Бірақ бұл – тек бір балаға кететін қаражат. 2-3 перзенті бар отбасылар одан да көп шығындалатыны айтпаса да белгілі. Ал алматылық ата-аналардың дайындығы қалай? Олар қанша қаражат жұмсапты? Тыңдап көрсек.
БЛИЦ:
«Енді 11 сынып қой деп,50 мың теңгеге костюм шалбар алдым. Үш баламның екеуіне 200 мың теңге, үлкен ұлға 200 мың, 400 мың теңге жұмысадым».
«250-300 мыңдай жұмсайсыз. Негізгі заттар – спорт киімі, футболка, классикалық киімдер. Ақшаны аяқ киімге көп жұмсадық».
«Бір балаға шамамен 90 мың теңге кетті. Ол сомаға кеңсе тауарлары кірмейді».
«Қызға 210 мың теңге киіміне кетті. Біз барып, таңдап аламыз. Кеңсе тауарларына келсек, бір балаға 20 мың теңгеден асты».
Елімізде негізгі мектеп тауарлары өндірілмейді. «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының мәліметіне сүйенсек, биыл қаңтардан мамыр айына дейінгі аралықта ішкі нарықтағы жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің үлесі небәрі 6,2%-ды құраған. Демек елімізді киім-кешек, аяқ киім және балаларға арналған заттармен шетелдік өндірушілер қамтамасыз етіп отыр. Қазақстан бұл тауарларды 30-дан аса мемлекеттен импорттайды.
Алайда ішкі нарыққа кіргізілген өнімдердің басым бөлігі негізінен Қытай, Ресей және Түркияға тиесілі. Соның ішінде аспан асты елі – негізгі импорттаушы болып саналады. Республика бойынша сауда желілері мен маркетплейтстерде сатылып жатқан тоқылған матадан тігілген костюмдердің 39 пайызы осы Қытайда өндірілген. Кеңсе тауарларының 60 пайызға жуығын да сол мемлекет қамтамасыз етіп отыр. Ал дәптерлердің басым бөлігі Ресейден әкелінеді. Қорыта айтқанда, сырттан келетін тауардың бағасы әлемдік нарыққа, геосаяси жағдайға, логистикаға тікелей байланысты. Сондықтан алдағы уақытта баға тағы көтерілмесе, түсетін түрі жоқ.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через