Астанада бір күнде терезеден төрт бала құлап, екеуі қаза болды

Астанада бір күнде терезеден төрт бала құлап, екеуі қаза болды
фото: taunews.kz

Олардың бірі 3 жаста, екіншісі 6 жаста болған.

Астанада бір тәуліктің ішінде төрт бала көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кеткен, деп хабарлайды.

103 қызметінің пультіне бір күн ішінде "баланың құлауы" деген себеппен төрт түрлі шақырту түскен. Балалар әртүрлі биіктіктен яғни 1-ден 16-қабатқа дейін құлаған.

10 және 16-қабаттан құлаған балалар оқиға орнында қаза тапты. Олардың бірі 3 жаста, екіншісі 6 жаста болған. Қалған екі бала жедел жәрдем арқылы ауыр жарақатпен балалар ауруханасына жеткізілді. Қазір екеуі де жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалап отыр.

«Өкінішке қарай, ересектердің салғырттығы салдарынан балалар денсаулығынан, тіпті өмірінен айырылып жатыр. Біз жансақтау бөліміне өте ауыр жағдайда жеткізілген балаларды көргенде мұндай жағдайға ересектер қалай жол берді? неге бала қараусыз қалған? деген сұрақтар туындайды. Балалардың биіктен құлау фактілері жылдан-жылға көбейіп барады. Жыл басынан бері көпқабатты үйлерден құлап кеткен 51 бала бізге жеткізілді. Олардың төртеуі ауруханада алған жарақатынан көз жұмды», – дейді №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының травматолог-дәрігерлері.

Дәрігерлердің айтуынша, көп жағдайда балалар масаға қарсы торға сүйеніп, сыртқа құлап кеткені анықталған.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, биылғы алты айда терезеден құлап кеткен балалардың саны 60-қа жеткен. Оның 9-ы жедел жәрдем келгенге дейін оқиға орнында көз жұмған.

https://almaty.tv/kz/