Қазақ баласы Еуропаның ең үздік физигі атанды

Қазақ баласы Еуропаның ең үздік физигі атанды
фото: Оқу-ағарту министрлігі

Ол Қазақстанның қоржынына алтын медаль салды

Қазақстандық оқушы Ілияс Қазымбек София қаласында өткен Еуропалық физика олимпиадасында (EuPhO-2025) абсолют жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігі.

Қазақстан құрамасы бұл жарыста тамаша нәтиже көрсетті, ел намысын қорғаған бес оқушының барлығы жүлдегерлер қатарынан көрінді.

"Астана қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы Ілияс Қазымбек олимпиаданың абсолют жеңімпазы болып танылды. Ол Қазақстанның жүлде қоржынына алтын медаль салды", - делінген хабарламада.

Астанадағы РФММ-нің тағы бір 10-сынып оқушысы Алтаир Аканов пен Алматы қаласындағы "Miras" халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы Роман Черемнов күміс медаль иеленсе, "Nurorda" халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы Даниэль Тюлюбаев қола медаль жеңіп алды.

Қостанай облыстық "Білім-инновация" лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Таир Әбдіқадыр құрмет грамотасын иеленді.

Команданы халықаралық және республикалық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпаздары, тәжірибелі тәлімгерлер – Андрей Сидоренко мен Темірлан Исмагұлов дайындады.

Айта кетері, EuPhO – мектеп оқушыларына арналған беделді халықаралық зияткерлік сайыс. 2024 жылы Қазақстан құрамасы аталған олимпиадада 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алған болатын.

ҚазАқпарат