«Табиғат үні және дәстүр» көрмесі

«Табиғат үні және дәстүр» көрмесі

фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі

16 сәуір күні Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде суретші Нұрбек Назарбектің «Табиғат үні және дәстүр» атты жеке көрмесі ашылады, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.

Көрмеде реалистік бағытта орындалған 50-ге жуық кескіндеме туындысы ұсынылады. Бұл жұмыстарда табиғаттың тынысы, дәстүрдің ізі мен күнделікті тіршіліктің қарапайым сәттері нәзік үйлесім тапқан. Автор адам мен табиғат, мәдени жады арасындағы терең байланысты арқау еткен.

Нұрбек Назарбек 1974 жылы 20 сәуірде Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Манас ауданына қарасты Тасырқай ауылында дүниеге келген. Санжы көркемсурет колледжінде және Шыңжаң педагогикалық университетінде «Майлы кескіндеме» мамандығы бойынша білім алған. Ұзақ жылдар бойы көркем білім беру саласында қызмет атқарған. 2008 жылдан бері дербес шығармашылық жолына түсті. 2023 жылдан бастап Қазақстанда тұрып, еңбек етіп келеді.

Суретшінің шығармашылығында пейзаж жанры айрықша орын алады. Оның туындыларында таулар, өзендер, көлдер және табиғаттың әр маусымдағы кейпі көрініс табады. Жұмыстарының едәуір бөлігі Жетісу өңірі мен Алматы маңындағы табиғи әрі мәдени тұрғыдан мәні зор көріністерге арналған.

Пейзажбен қатар, суретші ұлттық дәстүр мен болмыс тақырыбын да қозғайды. Оның жұмыстарында табиғат тек бейнелеу нысаны ретінде емес, өткеннің ізі сақталған, ұрпақтар сабақтастығы жалғасатын тірі кеңістік ретінде танылады.

Көрме атауы оның негізгі идеясын айқындай түседі. Мұнда табиғат пен дәстүр бір-бірінен ажырамас, өзара үндес құндылықтар ретінде қарастырылады. Суретші кескіндеме арқылы адамның қоршаған ортамен үйлесімде өмір сүру жолын және мәдени мұраны бүгінгі өнер кеңістігінде сақтаудың мәнін зерделейді.

 Көрме 2026 жылдың 6 мамырына дейін жалғасады.

  Көрме кураторы: «Шетел өнері» бөлімінің кіші ғылыми қызметкері,гуманитарлық ғылымдар магистрі Құсайынова Бибігүл

Жазылу