Қауіпсіздік — әрқайсымыздың жауапкершілігіміз

Қауіпсіздік — әрқайсымыздың жауапкершілігіміз

фото: politico.kz

       Алматы қаласында жүргізушілер үшін жол қозғалысын бақылаудың жаңа форматы енгізілді. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда «STOP бұзушылық» атты ауқымды жедел алдын алу іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Бұл бастама жолдағы тәртіпті күшейтіп, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.

       Жаңа тәсілдің ерекшелігі — патрульдік полиция қызметкерлері енді азаматтық киімде, арнайы белгілері жоқ автокөліктермен жалпы көлік ағыны ішінде қозғалады. Яғни, жүргізушілер үшін олар көзге бірден түсе бермейді. Осындай жасырын бақылау арқылы жол ережесін елемейтіндер анықталып, дер кезінде тиісті шаралар қабылдануда.

       Мамандардың айтуынша, жасырын патрульдердің басты назары — агрессивті жүргізу әрекеттеріне аударылған. Атап айтқанда, күрт жолақ ауыстыру, «шахмат» тәсілімен жүру, басқа көліктерді қысып өту, жол үстінде қауіпті жағдай туындату сынды өрескел заңбұзушылықтар ерекше бақылауға алынған. Мұндай жағдайлар тіркелген сәтте ақпарат жедел түрде жақын маңдағы полиция экипаждарына жолданып, олар көлікті тоқтатып, жүргізушіні заң аясында жауапкершілікке тартады.

       Полиция өкілдерінің мәліметінше, бұл әдіс өз тиімділігін қазірдің өзінде көрсете бастаған. Мәселен, тек өткен демалыс күндерінің өзінде қалада агрессивті жүргізудің бірнеше ондаған дерегі анықталып, құқық бұзушылар тиісті жауапкершілікке тартылған.

       Құзырлы орган мамандарының пікірінше, мұндай жасырын бақылау жүргізушілердің тәртібін арттырып қана қоймай, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға да ықпал етеді. Әсіресе жол үстіндегі қауіпті әрекеттердің азаюы — басты мақсаттардың бірі.

       Мамандар жүргізушілерді жолда барынша мұқият болуға, ережені сақтауға және өзара сыйластық танытуға шақырады. Себебі қауіпсіздік — әрқайсымыздың жауапкершілігіміз.

Жазылу