«Менің аспаным төбемде» көрмесі

«Менің аспаным төбемде» көрмесі

фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі

2026 жылдың 24 сәуірінде 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде белгілі заманауи қазақстандық суретші Айгерім Карибаеваның «Менің аспаным төбемде» атты жеке көрмесінің ашылуы өтеді, хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.

Экспозицияда суретшінің соңғы бес жылдағы белсенді шығармашылық кезеңінде жазылған отызға жуық кескіндемелік туындысы ұсынылады. Бұл – автордың көпқырлы өнер жолындағы екінші жеке көрмесі.

Айгерім Карибаева 1987 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. 2005-2010 жылдары Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Графикалық дизайнер» мамандығы бойынша білім алған. Ол – қазақы болмысты заманауи өнер мен дизайн арқылы жаңаша танытуды мақсат еткен «ART-AIKA» брендінің негізін қалаушы. Сонымен қатар өз туындыларына негізделген ерекше топтамаларды ұсынатын steppe-freedom.kz арт-алаңын және жеке шоурумын дамытып келеді. 

Суретші Expo Dubai 2020, Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті сияқты ауқымды жобаларға қатысып, «Coca-Cola», «Raffaello», «Borjomi», «Rakhat», «Додо Пицца», «Coffee Boom», «SDEK», «Air Astana» сынды танымал брендтерге және басқа да компанияларға иллюстрациялар әзірлеген. Оның шығармалары «Астана – Бурабай» жүрдек пойызын, қала қабырғаларындағы муралдарды және түрлі қоғамдық кеңістіктерді көркемдеуге қолданылған. 2021 жылы ол «Қазақстанның 100 жаңа есімі» тізіміне енді. Ал 2024 жылы Назарбаев Университеті жарыққа шығарған «Дала жаңашылдары: шабыт сыйлайтын оқиғалар» кітабында елдегі 50 кәсіпкер әйелдің бірі ретінде аталды. 2025 жылы Central Asia Media Forum алаңында спикер ретінде баяндама жасап, сол жылы Астанадағы «HAS SANAT» өнер галереясында «Арман» атты алғашқы жеке көрмесін өткізді. Айгерім Карибаева – халықаралық «AlmaLine» шығармашылық бірлестігінің мүшесі. Оның туындылары Қазақстан, Еуропа және АҚШ-тағы жеке қорларда сақтаулы.

А. Карибаева өз шығармашылығында қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінен, оның бай ою-өрнек өнері мен символикасынан, сондай-ақ бірегей ұлттық киім үлгілерінен шабыт алады. Суретшінің манифесінде атап өтілгендей, шығармашылық жолының алғашқы кезеңінде ол өнердегі «этномодерн» бағытының қалыптасуына атсалысып, ұлттық мазмұнды қазіргі заманның көркем кеңістігімен ұштастыруға ұмтылған. «Бүгінде бұл кезең әлдеқайда тереңдеп, жеке метафизикалық танымға ұласқан. Мұнда ұлттық болмыс сыртқы әшекей емес, керісінше, әмбебап гуманистік кеңістік құруға негіз болатын іргетасқа айналады, – деп жазады А. Карибаева өз манифесінде. Осы идея суретшінің «Менің аспаным төбемде» атты жеке көрмесінде көрініс тапқан.

Автордың туындыларында ұшқыр қиял мен бірегей көркемдік тіл айқын сезіліп, өмірге деген шуақты көзқарас пен лирикалық-романтикалық сипат үйлесім табады. Оның шығармашылығы өмірден алынған жылы әрі жүрек тебірентер оқиғаларға, сондай-ақ әр кейіпкері терең мағына мен философиялық астарды бойына сіңірген адамзат әлемі туралы терең толғаныстарға негізделген.

 Көрме 2026 жылдың 13 мамырына дейін жалғасады.

Көрме кураторы:  Айжан Қалшора, Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінің «Қазақстанның бейнелеу өнері» бөлімінің кіші ғылыми қызметкері

Жазылу