Ирандағы қақтығыс Шығыс Азия елдерінің экономикасына зардабын тигізуде. Ормуз бұғазының бұғатталуы мұнай жеткізуді тоқтатып, тек алып зауыттарды ғана емес, шағын бизнесті де тығырыққа тіреді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Оңтүстік Кореяда қазір энергетикалық дағдарыс күшейе түсті. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің ішіндегі ең энергия қажетсінетін экономика деп танылған Оңтүстік Корея қақпанға түсті.
Сеул мұнайдың 70 пайызын Таяу Шығыстан алады. Бүгінде бұл тізбектер үзілген. Соққы тек жанармай бекеттеріне ғана емес, бүкіл мұнай-химия саласына тиді. Дағдарысты елдің әрбір тұрғыны сезінуде. Жүргізушілер қымбат жанармай сатып алуға мәжбүр. Тіпті киім жуудың өзі арзанға түспей тұр. Химиялық тазалау қызметтерінің бағасы өсті. Мұнайдан өндірілетін құрғақ тазалауға арналған еріткіш - сольвенттің құны екі есе артты.
Ли Ён Ок, кәсіпкер: - Егер бұрын күніне 30 адам келсе, қазір он адамға жетер-жетпес. Материалдарға жұмсалатын шығын 30 пайызға өсті. Әсіресе ұсақ тапсырыстармен жұмыс істеу қиын - бір жейдені жуу бізге тым қымбатқа түсуде.
Владислав Цой, тілші: - Нафта бағасының күрт өсуі одан өндірілетін барлық тауарлардың құнына әсер етті. Бұған, мысалы, қаптауға қолданылатын стрейч-пленка және қоқыс пакеттері жатады. Тұрғындар тапшылық болады деп қауіптеніп, мұндай пакеттерді жаппай сатып ала бастады. Тіпті дүкендер оларды сатуға шектеу қоюға мәжбүр болды. Мәселе мынада, Кореяда өндірілетін нафтаның жартысынан көбі Таяу Шығыста өндірілетін мұнайдан алынады.
Мына дәмханада әзірге баға көтерілген жоқ, дегенмен тағамдарға қосылатын кейбір өнімдер, мысалы, кальмарлар қымбаттады. Бірақ қаптама материалдарының тапшылығы ерекше байқалады. Билік кәсіпкерлерге көмектесуді шешіп, көп реттік ыдыстарды тегін таратуда. Қоғамдық тамақтану орындары тағамды клиентке осындай тәрелкелермен жеткізеді. Қолданыстан кейін оларды арнайы курьер алып кетіп, таза ыдысты қайтадан дәмханаға қайтарады.
Ли Ён Э, дәмхана директоры: - Барлығы қымбаттап жатыр, контейнерлер, пакеттер, азық-түлік. Мәзірдегі бағаны көтергім келеді, бірақ қорқамын, кеңсе қызметкерлері келуді мүлдем тоқтатуы мүмкін. Клиенттер онсыз да аз, жеткізуге тапсырыстар азайды, өйткені зауыттарда адамдардың жұмысы азайды. Осы көктем мен соғыс өмірімізді әлдеқайда қиындатып жіберді.
Хёндэ институтының сарапшылары жағымсыз сценарийлерді болжап отыр. Егер мұнай бағасы бір баррель үшін 150 доллардан жоғары болса, Оңтүстік Корея экономикасының өсімі толықтай тоқтауы мүмкін, ал инфляция тағы 3 пайызға көтеріледі. Кореяның халықаралық экономикалық саясат институты ескертеді, инфрақұрылым қирағандықтан, Ирандағы соғыс аяқталса да, 60 долларлық арзан мұнайды 2027 жылға дейін көре алмаймыз. Сарапшылар үкіметке ресурстарды жеткізу жолдарын әртараптандыруды және баламалы энергияға көшуді жеделдетуді ұсынады.
Материал 24.kz сайтынан алынды.