1 шілдеден бастап самокат жүргізушілеріне жаңа талаптар күшіне енеді.
Астана қаласында интеллектуалды бейнебақылау жүйесі электросамокат жүргізушілері жіберген жол қозғалысы ережесін бұзушылықтарды тіркей бастайды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Жаңа жүйені құқық қорғау органдары "Сергек" компаниясымен бірлесіп әзірлеп жатыр. Қазіргі уақытта құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту үшін мемлекеттік нөмірлерді автоматты түрде тану жүйесі жасалып жатыр. Жүйе айыппұл салу үшін қажеі материалдарды қалыптастыратын болады.
Полиция мәліметінше, цифрлық технологиялар мен сәйкестендіру жүйесін қолдану құқық бұзушыларды тиімді анықтауға, жол-көлік оқиғаларын азайтуға және пайдаланушылардың тәртібін арттыруға мүмкіндік береді.
"Қазіргі таңда елордада 10 мыңнан астам электросамокат бар, оның шамамен 8 мыңы тұрақты қолданыста. Сонымен қатар осы көлік түріне қатысты құқық бұзушылықтар мен жол-көлік оқиғаларының саны артып келеді. Жыл басынан бері 45 жол апаты тіркеліп, 50 адам жарақат алған", – делінген хабарламада.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап заңнамаға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Оған сәйкес, электросамокаттар жол қозғалысының толыққанды қатысушылары ретінде танылады.
Жаңа талаптарға сай:
-- жүргізушілер түнгі уақытта шлем және жарық шағылыстыратын элементтерді пайдалануға міндетті;
-- жолаушы тасымалдау, пайдалану қағидаларын бұзу және кәмелетке толмағандардың басқаруы үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі;
-- қозғалыс веложолақтарда, веложолдарда және жолдың оң жақ шетінде рұқсат етіледі;
18 жасқа толмаған тұлғалар жүргізуші куәлігінсіз жолдың жүру бөлігінде қозғала алмайды.
https://informburo.kz/kaz