фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде жастар арасында қазақша сөйлеу сәнге айналғанына назар аударды, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz.
Президент "жаңа Конституция жобасында орыс тілінің мәртебесін төмендетіп жатыр-мыс деген күңкіл әңгіме" туралы айтты.
"Бұл жайында жазылған мақалаларды оқудың өзі қызық. Стилистикалық және грамматикалық қателерден аяқ алып жүре алмайсың. Жарияланым авторлары орыс тілі үшін қам жейді, бірақ өздері оны дұрыс меңгермеген. Түптеп келгенде, жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде бірдей заңды күшке ие қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазақ тілінің мәртебесі төмендеді деп байбалам салудың да қажеті жоқ екенін айтты.
"Жаңа Конституция жобасында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп нақты жазылған. Бұл ретте ана тіліміз тек көркем әдебиетте ғана емес, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылады. Ең маңыздысы, жастар арасында қазақша сөйлеу сәнге айналды. Басқаша айтқанда, қазақ тілінің болашағы жарқын. Кейбіреулер тіл тағдырына алаңдаған кейіп танытып, бұл тақырыпты саяси құрал ретінде пайдаланады", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазақ жастары жаңашылдыққа тез бейімделе алуымен ерекшеленеді. Олар қазақша мен орысшаны қоса алғанда, үш-төрт тілді еркін меңгереді.
"Мұны айналамыздан күнде көріп жүрміз", - деді Мемлекет басшысы.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через