фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/Victoria-Kotlyarchuk
Қазақстанда сиыр еті бағасының төмендеуі жақын арада күтілмейді. Бұған басты себеп – мал шаруашылығындағы негізгі шығын көзі саналатын жем-шөптің қымбаттауы.
Мыңнан астам ірі қара ұстайтын фермерлердің айтуынша, бір ғана малды күнделікті асырауға кететін шығын шамамен 2000 теңгеге жеткен. Ал ет өндірісіндегі жалпы шығынның басым бөлігі – 70 пайызға жуығы – дәл осы азыққа жұмсалады. Сондықтан қазіргі жағдайда еттің арзандауы экономикалық тұрғыдан мүмкін емес.
Мал өсірушілер соңғы уақытта бұрынғыдай малды жаппай сатуға асықпайды. Бағаның тұрақты түрде өсуі фермерлерді ірі қараны фермада ұстап, күтуге мәжбүрлеп отыр. Себебі нарықтағы жағдай еттің алдағы уақытта да қымбаттайтынын көрсетеді.
Сарапшылардың пікірінше, бағаның өсуіне делдалдар мен сауда желілеріндегі үстемеақылар да әсер етеді. Қазір көтерме нарықтағы баға шамамен 3,5 мың теңге болса, дүкен сөрелерінде ол бірнеше есе өсіп шыға келеді.
Мамандар ет бағасын тұрақтандырудың бірден-бір жолы – мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту екенін айтады. Қазір Қазақстанда бұл бағыт баяу дамып келеді. Ал дамыған елдерде малдың тек етін ғана емес, басы, аяғы, қарны, тіпті құйрығына дейін кәдеге жаратып, табыс көзіне айналдырады. Кейбір мемлекеттерде сиырдың жекелеген бөліктері деликатес саналып, жоғары бағаланады.
Осы тәсіл кеңінен енгізілмейінше, ет нарығындағы бағаның өсуі жалғаса береді деген болжам бар.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через